Орталық Азия елдері мен Қытай саммитінің берері не?
«Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» дегенді «Айдаһардың азуы болса, бөрінің Тәңірі бар!» деген аллегориялы тұспалды жуырда Қытайда өтетін саммитке байланыстырғым-ақ келіп тұр. Күн санап Орталық Азияның бөрілеріне айналып келе жатқан бес түркітілдес мемлекет басшыларын алдағы 17-19 мамырда аспанасты елі не үшін жинамақ? Бұл саммиттің келісімі Орталықазиялық геосаяси кеңістікке не береді? Әлде Ресей мен АҚШ сияқты алпауыт державаларға Қытайдың қарсы «шах» және «мат» жүрісті қадамы ма? Осы және өзге сауалдар төңірегінде ойымызды сабақтап көрейік.
«Ұйқыдағы Қытай оянды» деген синофобияны ысырып қойсақ, әлемнің екінші ірі экономикасы саналатын Қытаймен халықаралық деңгейде ұзақмерзімді қарым-қатынас орнату – дамушы Орталықазиялық елдер үшін алыстағы туыстан, жақын отырған көршіңнің қадірін бағалайтын ұтымды қадам екені даусыз.
Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қытайдың Орталық Азия елдерімен сауда айналымы 70 млрд доллардан асып, 2021 жылмен салыстырғанда 40% немесе дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап 30 жыл ішінде жүз есеге ұлғайған екен.
Егер жекелей қарасақ, Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 23,6% ұлғайып, 31 млрд доллардан асты. Қытай-қырғыз тауар айналымы 5%-ға ұлғайып, 15,5 млрд долларды құрады. Қытай мен Түркіменстан арасындағы тауар айналымы 52%-ды құрап, 11 млрд долларды, қытай-өзбек саудасы 9 млрд доллардан асып, 21,8%-ға өскен. Ал Қытай мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы 40,4% өсіммен 2,6 млрд долларды құраған.
Дәл осы көрсеткішті АҚШ-пен салыстырып көрсек, Орталық Азиядағы ең ірі сауда-экономикалық серіктесі Қазақстанмен тауар айналымы 3,8 млрд долларды немесе Вашингтонның Орталық Азия елдерімен барлық саудасының 86%-ын құрайды. Екінші ірі аймақтық сауда серіктесі Өзбекстанмен 7% үлесі болса, қалған 7%-ы Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстанға тиесілі.
Бұдан байқайтынымыз – Қазақстан америкалық инвестициялардың ірі өңірлік хабы болып табылады. Статистикаға сәйкес, 2022 жылдың үш тоқсанында АҚШ инвестициясы 5 миллиард долларды құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9 миллиард долларға немесе 59%-ға жоғары. Әрине, жоғарыда аталған сандардың көрсеткіштерін байқасақ, алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала деген қағиданың тиімділігін көрсетеді. Бірақ мұнда геосаяси мәселенің бар екенін де ұмытпау керек.
Бейжің мен Вашингтон Орталық Азия елдерінің егемендігіне, аумақтық тұтастығына, экономикалық дамуына кепіл болуға тырысып бағады. Мысалы, 2020 жылдың ақпанында АҚШ Мемлекеттік департаменті «Орталық Азияның 2019-2025 жылдарға арналған стратегиясы: егемендік пен экономикалық өркендеуді нығайту» атты негіздемелік құжатын жариялады.
Құжаттың мақсаты Вашингтонды Орталық Азия республикаларының тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындап, олардың қауіпсіздігін, дамуы мен өркендеуін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау болмақ.
Ал, Бейжің болса, 2015 жылы «Жібек жолының экономикалық белдеуі» құжатын жариялады. Оған сәйкес, Бейжіңнің осы аймақ елдерімен өзара іс-қимылы екі мың жылдан астам уақытқа созылған ұзақ жолдың жалғасы болып табылады делінген. 2022 жылдың басында Қытай мен аймақ елдері «біртұтас тағдыр қауымдастығы» құрылысының негізін бекітетін ресми деңгейдегі «С+С5» форматы енгізілді. Биылғы 17-19 мамырда Шэньси провинциясының әкімшілік орталығы Сианда ауқымды екіжақты, көпжақты кездесулер жоспарланып отырған бұл халықаралық жиынның тұтас аймақтың геосаяси тарихында орны бөлек.
Бұған қоса, Қазақстанға қатысты былтыр қыркүйекте ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан егемендігін және аумақтық тұтастығын қорғауға және қолдауға, қауіпсіздігінің кепілі болуға дайын екендігін мәлімдеуі де бекер емес. Мұндай батыл мәлімдемені бауырлас Түркия елінен басқа әлі бірде-бір мемлекет ашық айта алған жоқ.
Сонымен, жоғарыда аталған геоэкономикалық хәм геосаяси қадамдардағы солтүстік көршіміз Ресейдің рөліне тоқтала кетсек.
Алдымен, екі алып елдің аймақта көптеген мүддесі бар.
АҚШ Орталық Азия аймағын Ресейдің ықпалынан барынша алыстатуға әрекеттенумен болса, онсыз да энергетикалық коллапс пен батыстың санкциялары Ресейді есеңгіретуге итермелеуде.
Ал Қытай экономикалық мүдде тұрғысынан Ресеймен балама сауда-саттық, байланыс жолдарын орнатуға талаптанып жатыр. Әлбетте, ортада экономикалық-логистикалық аумақ ретінде Қазақстан бастаған ірі аймақ бұған бірден-бір кең мүмкіндіктер ашады. Бұл жағынан Өзбекстан-Қазақстан-Қытай-Лаос-Таиланд-Малайзия маршрутын немесе Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолдарының жобаларын жүзеге асыру жоспары бар. Ал Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Түркия немесе Үндістан бағыттары тұтас Азияның сауда аймақтарына ескі Жібек жолының тораптарын жаңғыртуға селбеседі. Әрине, бұл жобаларда санкцияға шырмалған Ресей аталмағанымен, көрші елдердің оңтүстік маршруттары солтүстік көршінің де мүлдем сауда-саттықсыз қалмауына үлкен септігін тигізетіні анық. Осының бір мысалын Орталық Азияда жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шыққан Ресеймен біріккен компаниялардың санынан-ақ көруге болады. Санкцияға дейін бір ғана Қазақстанның өзінде Ресеймен біріккен компаниялар саны 6 500-ден асып жығылса, қазірдің өзінде бұл көрсеткіш үш-төрт есе өскен.
Бұл жерде мыңжылдық жоспармен жүретін әлемнің екінші экономикасына Орталық Азия аймағы қашан да сауда жолынан бөлек, ірі энергетикалық аумақ ретінде қабылданатынын ұмытпауымыз керек.
Қытайдағы соңғы пандемиялық үш жыл ел экономикасына оңай түспеді. Өз аумағына тиесілі 9%-дық энергетикалық қорды айтпағанда, өзге Орталық Азия елдерінен алатын энергетикалық шикізат газы түсімі едәуір төмендеп кетті. Орталық Азия елдері Қытайға газ беруді қысқартуда. Мәселен, жыл басынан газ құбыры арқылы Түркіменстаннан 2,2 млрд текше метр сұйылтылған газ жеткізілген. Түркіменстан үшін бұл көрсеткіш соңғы екі жарым жылдағы ең төменгі пайызды құрап отыр. Орталық Азиядан келетін барлық газ жеткізушілер де газ көлемін ішкі нарықтың қажеттіліктерін жабуға бағыттай отырып, экспортты едәуір қысқартқан. Мысалы, Қазақстан газ жеткізуді мүлдем тоқтатты. Сол секілді Өзбекстан да экспортқа шектеу қойды. Әлбетте, бұл Қытайдың ішкі тұтынуына ауыр соққы болған мәселе. 44 миллион кедейшілікте отырған халқы бар Қытай билігінің алдымен газ, энергия көздерімен қамтамасыз етеміз деген саяси бағдарламалары да дәл осы сыртқы экспорттардың көлеміне мұқтаж. Ресейден келетін 2,7 миллиард текше метр газ, Катардан келетін 2,2 млрд текше метр газ бен Аустралиядан тасымалданатын 1,9 млрд текше метр газдың өзі алпауыт елдің қажетін өтеуге жарамай отыр.
Сондықтан бағзы көршіміз Қытайда өтетін саммитте осы және өзге де экономикалық келісімдер мен бастамалардың мөлшерін арттыру мәселесі ерекше басымдыққа ие болатыны түсінікті.
Сианда өтетін кездесулерге шақырту алған Орталық Азия елдерінің басшылары ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен стратегиялық әріптестікті одан ары нығайту, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық салаларын және энергетикадағы ынтымақтастықты кеңейту жайында, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері бойынша жан-жақты талқыға салмақ. Бұдан бөлек, ел Президенттері Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен де жекелей кездесулер өткізбек.
Әлбетте, қазақ елі қарқынды даму жолында үлкен мүмкіндік алаңын пайдаланып қалудан тартынып қалмайды. Сәйкесінше, кеден, логистика, сауда-саттық, инвестициялық басымдықтарда күн тәртібінде тұрған ортақ мәселелер бар. Бұл кездесулерге ел Президенті мен Үкіметі тастүйін дайын деп есептейміз.
Мақсат ЖАҚАУ
саясаттанушы