«Орталық Азия – Қытай» саммиті: Аймақтың тегеурінді теңгерімдік бағыты
Әлем назары Қытайға ауып тұрғандай. Күні кеше «Орталық Азия-Қытай» саммиті өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапармен барды. Аймақта ерекше рөлге ие Қазақстан басшысын әуежайдағы айрықша қарсы алудан соң Құрмет қарауылы да салтанатпен сап түзеді, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл туралы Естай Божан жазды. Төменде саяси сарапшының «Алматы ақшамы» газетінде жарық көрген мақаласын тұтас жариялап отырмыз.
Орталық Азия және Қытай басшылары Сиань қаласында 5+1 форматындағы саммитте бас қосты. 18-19 мамыр аралығында өтетін келелі кеңесте бірқатар маңызды келісім мен саяси құжаттарға қол қойылмақ. Қытай билігі Қазақстанды аймақтағы көшбасшы ел ретінде санасады. Алғашқы екіжақты кездесулерден тартып Қытай тарапы Қазақстанға айрықша басымдық бергені байқалады. Бұл ретте қытайлық тісқақты дипломаттар мен ұйымдастырушылар Президент Тоқаевтың сапар уақытына тұспа-тұс келген туған күнін де назардан тыс қалдырмасы анық.
Кезекті «Орталық Азия-Қытай» саммитіне, ең әуелі Бейжің баса мән беріп, үлкен үміт артуда. Оның үстіне аталған іс-шара Бейжіңнің аймақпен қарым-қатынасының алдағы бағытын айқындайтындықтан да әлем назарын өзіне аударып отыр. 5+1 кездесуінің көршілес елдер мен аймақтардың, тіпті ірі державалардың назарын өзіне бұруға жеткілікті себебі бар. Қазіргі жаһандағы күрделі қарым-қатынастар Орталық Азияның (қысқаша – ОА) әлемдегі геостратегиялық маңызын жаңа деңгейге көтерді. Ендігі жерде барлық тарап ОА-мен өзінің саяси-экономикалық қарым-қатынасын арттыра түсуді көздейді. Сондықтан да, бір тараптың аймақпен жасасқан байланысы келесі тараптың жіті қадағалауында болары сөзсіз. Бұл жолғы «Қытай – Орталық Азия» саммиті 19-21 мамыр күндері Жапонияда болатын G-7 отырысымен тұспа-тұс келуі де ірі ақпарат құралдарының тіліне тиек, сөзіне тұздық болғалы тұр.
Сианьдегі Саммит:
Үшінші жақтың қатысуынсыз өтеді
«Орталық Азия – Қытай» саммитін өткізу туралы 27 сәуірде Қытай СІМ басшысы Цин Ган ОА елдерінің СІМ басшыларымен кездесуі кезінде келісілген болатын.
Кезекті отырыс тараптардың 5+1 форматындағы алғашқы бетпе-бет жолығуы. Бұған дейін 2020 жылы және 2022 жылы қаңтарда онлайн форматта басқосу болғанын атап өткен жөн. Қытай басшысы Си Цзиньпин төрағалық ететін жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қатысады. Осы уақытқа дейін аталған елдердің басшылары арасындағы ортақ кездесу, көбінде, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясында, Ресей сынды үшінші тараптың қатысуымен өтіп келген. Демек, бұл - алты тараптың дипломатиялық тарихындағы үшінші жақтың қатысуынсыз өтетін алғашқы кездесуі.
Бейжіңнің көршілес елдердің көшбасшыларын еліне жинап жатқанын сарапшылар тың әрі маңызды дипломатиялық қадам ретінде бағалайды.
Бұл жөнінде Орталық Азия және Қытайды зерттеу орталығының директоры, қытайтанушы эксперт Руслан Изимов: «Біз Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының қалыптасып, дамуын көрдік. Бірақ ШЫҰ-дан айырмашылығы, жаңа 5+1 форматында басқа жаһандық немесе аймақтық ойыншылар жоқ. Тиісінше, Қытайдың ОА-дағы ықпалын кеңейтетін мүлде жаңа арна пайда болды», – деген пікір білдірді.
Келісімдердің бағыты қандай?
Биылғы 8 мамырдағы баспасөз мәслихатында Қытай СІМ-нің ресми өкілі Ван Вэнбин алдағы отырыс аясында тараптардың бірқатар маңызды келісімдерге қол қоятынын жеткізген еді. Сарапшы Р.Изимов қазіргі геосаяси бағдарды топшылай отырып, бұл келісімдердің саяси бағытқа басымдық беруі мүмкін екенін болжайды. «Өздеріңіз білетіндей, геоэкономикалық бағыттағы «Белдеу және жол» бастамасына биыл 10 жыл толады. Ол өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерді. Өткен кезеңде ондаған жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы Қытай ОА республикаларының экономикасындағы позициясын айтарлықтай нығайтты. Бірақ, Қытайдың аймақтағы экономикалық мүмкіндіктері саяси тұтқаға айналған жоқ. Нәтижесінде, ОА-дағы дағдарыстық жағдайларда кезінде Қытай тарабы жағдайға қандай да бір ықпал етуге дәрменсіз. Сондай-ақ, аймақтағы әртүрлі ішкі саяси дағдарыстар Қытайдың инвестициялары үшін тәуекелдерді арттырады, одан да маңыздысы – Қытайдың ең турбулентті Батыс аумағында (ШҰАР) тұрақсыздыққа қауіп төндіреді. Демек, жаңа 5+1 форматы Пекиннің Орталық Азиядағы саяси ықпалын сапалы түрде нығайтуға бағытталған деп сенімді болжам жасай аламыз», – дейді сарапшы.
Тағы бір отандық сарапшы Жаңабек Арыновтың пікірінше, кездесу қорытындысы бойынша жасалатын мәлімдемелерде ОА елдерінің егемендігіне, тәуелсіздігіне қатысты ұстанымдарға да басымдық берілуі мүмкін. Айталық: «Бұл бірінші кезекті Ресейге қатысты болады, екінші кезекте Батыс елдеріне қатысты. Қытай көбінесе сыртқы күштер ретінде батыстық бәсекелестерін қарастырып жатады. Сондықтан, символикалық тұрғыдан бұл кездесу аймақ елдерінің көпжақты қарым-қатынасын дамыту үшін, Ресей мен Қытай арасындағы теңгерімді ұстау үшін маңызды болады», –дейді Ж.Арынов BBC-ге берген жауабында.
«Тарихи символдық мәні» ме әлде
«Қастындық теориясы ма?»
Ресми Бейжің баса мән берген саммиттің Шэньси провинциясындағы Сиань (Xi’an/西安) қаласында өтуі де кейбір желі қолданушыларының назарын аудармай қалмады. Кейбір ресейлік басылымдар бұған бөлекше саяси рең беруде. Оған мынадай тарихи факт түрткі болса керек, бұдан екі мың жыл бұрын Сиань қаласы Чаньань деп аталды және сол кездегі Хан империясының астанасы болып тұрды. Император У-ди осы қалада билігін нығайтып, күшті империяға айналдырған болатын. Ал, кейбір сыншылар қазіргі ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ішкі-сыртқы саясатта У-диге еліктейді деген көзқарастарын да айтып жатады. Бұндай сәйкесітікке наза аударған желі қолданушылары қашан да тарихи символикаларға бой ұрғыш қытайлықтар үшін Сианьдегі саммиттің айрықша символдық мәні болуы мүмкін дегенді алға тартады. Дегенмен, сала эксперттері бұндай болжамды растаудан аулақ, олар аталмыш пікірлерді саясаттанудағы «қастандық теориясына» көбірек ұқсайды деп санайды.
Шетелдік БАҚ: «Орта Азия-Қытай» саммиті
Батыстық The Diplomat-қа шыққан сараптамасында Кэтрин Путц «Бейжіңнің ОА-дағы саяси және қауіпсіздік талпыныстары 2022 жылдан бұрын болғанымен, Ресейдің Украинаға басып кіруі Мәскеудің әлсіреген көлеңкесінде аймақтың Қытайға беретін мүмкіндіктерін арттырды» деп жазады. Бұған қоса «ОА – Қытай» саммитінің G7 отырысымен қатар келуіне назар аударып: «Екі саммит те Ресейдің қатысуынсыз өткенімен, негізгі талқы тақырыбында Ресей болады», – деп көрсеткен.
Ал америкалық VOA агенттігі аймақтағы Мәскеу мен Қытайдың іс-қимылдары бәсекелестік бағытына ұқсайтынын айтады. «Ресей Украинаға басып кіргенге дейін ОА әрқашан Ресейдің ықпалында болды, бірақ ұзаққа созылған соғыс Ресейдің аймақтағы ықпалын әлсіретіп жіберді», – делінген сараптамада. Бұған қоса: «Ресей ықпалының құлдырауы аймақтағы ең ірі және экономикалық жағынан ең қуатты мемлекет – Қазақстанда айқын байқалады, – дей келіп, – Қазақстан Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын қолдамады және Донецк пен Луганскінің мемлекеттігін де мойындамады», – деп көрсеткен.
Қытайлық People's Daily болса, Сиань қаласының Жібек жолының тарихи бас нүктесі екенін алға тартып, Жаңа жібек жолының тың дәуір парағын ашатын жиналыс болатынын жеткізеді. Аймақ пен Қытай қарым-қатынасы туралы «Тағдыры ортақ, тату көрші, жақсы серіктес, жақсы дос» деген тақырыппен күшті экономикалық және сауда ынтымақтастық серпін турасында кеңірек тоқталады. Қытай мен аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықтың болашағы жарқын деген сыңайда қорытынды жасайды.
Ресейлік «Риа Новости» сайтында Дмитрий Косырев «Қытай Орталық Азиядағы КСРО-ның туын көтерді» деген мақала басты. Оның пікірінше, «Сианьдегі шара жаңа әлемдік экономиканы құру жолындағы жаһандық және азапты шайқастың бір бөлігі» екен. Д.Косырев Қытай Ресейдің аймақтағы дәстүрлі ықпалын ығыстырып жатыр деген көзқарасты теріске шығаруға тырысады. 9 мамырда Мәскеудегі жиынды еске салып, Ресей, Қытай және аймақ елдерінің іс-қимылдарын «дүбірге толы әлемде аман қалу жолындағы күш-жігерді үйлестіру» деп көрсетіпті. Мақалада АҚШ бастаған Батыс елдерін айыптай отырып, автор Мәскеу мен Бейжіңді ортақ қадам жасап жатыр деп көрсетуге тырысқаны байқалады. Ал, мақала тақырыбы мен онда келтірілген аргументтер арасында байланыстардың тым әлсіз екеніне қарамастан, автор: «Біздің көз алдымызда аймақ өзінің бүкіл Еуразияның орталығы ретіндегі рөлін қалпына келтіріп жатқан кезде, Мәскеу мен Пекиннің бірлескен күш-жігері оның барлық тұрғындарына жақсы үміт сыйлайды», – деген екен.
Әр ел ақпарат құралдарының сөзінен тараптардың елімізді қамтыған аймаққа деген ұстанымдарын, аталмыш шараға қатысты ұстанымдарын бағамдауға болады.
Орта Азия және 5+1 форматы
Көзі қарақты жұртқа мәлім, Кеңес Одағы ыдырағаннан бері ОА елдері дербес геосаяси аймақ ретінде қаралады. Алайда, ірі ойыншылар арасында Мәскеудің ықпалы басым күйде сақталып қалды. Тіпті, кейбір батыстық сарапшылардың «Ресейдің артқы ауласы» деп атайтыны да бар. Сондықтан да Батыс немесе Қытай сынды өзге ойыншылар аймақпен қарым-қатынаста сауда-экономикалық байланыстарды басымдыққа алды. Бірақ, бұл жағдай жаһанның жаңа геосаяси бағдарына ілесе өзгере бастады. Украинадағы соғыстың нәтижесінде орай Мәскеудің аймаққа ықпал-назары әлсіреген тұста АҚШ, Қытай секілді ірі ойыншылар Ресейдің аймақтағы ықпал орнына басты үміткер ретінде белсенділіктерін тіптен арттырды.
Қатысушы ойыншылар қолданып жүрген «5+1 форматын» ең алдымен 2000 жылдары Жапония ортаға қойған. Аймақпен ынтымақтастықты тереңдету бағытында АҚШ та осы форматты пайдалана бастады. Бұл сол кездегі Ауғанстандағы жаңа жағдайға тұс келді. Ал, пандемия кезінде Қытай да аймақпен тікелей диалогқа шығуда осыны қолданды.
Назар аударатын болсақ, соңғы кезеңде ОА елдерінің сыртқы әлеммен қатысуы жиілеген:
• Ақпанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ОА елдерінің басшыларымен Астанада кездесті. Бұл Вашингтонның өз ықпалын Мәскеу мен Бейжіңнің амбициясына теңестіру ретінде бағаланды;
• 9 мамырда жеңіс күніне орай Ресей аймақ елдерінің лидерлерін Мәскеуге топтастырды. Сырт әлем үшін бұл Мәскеудің аймақтағы өз ықпалын тағы бір мәрте әйгілеуі деп танылды.
• Іле-шала аймақ лидерлері Қытай басшысымен 5+1 форматындағы саммитте жолыққалы отыр.
• Қазіргі үрдістен алып қарағанда, ұқсас форматта аймақ елдерімен диалог орнатуға талпынатын өзге тараптар да болары анық.
Бұның бәрі АҚШ, Қытай секілді ірі ойыншылардың аймақтағы іс-қимылының тың қарқын алғанын көрсетсе, енді бір қырынан Қазақстанды қамтыған аймақтың әлемдегі геостратегиялық маңызының күн санап арта түскеніне де анық дәлел.
Жаңа формат
Ресейдің аймаққа ықпалын әлсірете ме?
Ресей Украина соғысында тым күрделі жағдайға түскен тұста Қытай ОА елдерімен 5+1 форматындағы диалогты жандандырды. Кезекті саммит Ресей мен Қытайдың аймақтағы күш балансының өзгеруіне ықпал ете ала ма? Анықтай айтқанда, жаңа формат Ресейдің аймаққа ықпал етуін әлсірете ме? Бұған Р.Изимов былай деп жауап берді: Қытаймен жаңа 5+1 форматы ОА-дағы дәстүрлі статус-квоны өзгертуге көмектеседі деген тезиспен жартылай келісуге болады. Иә, тіпті Ресейдің аймаққа ықпалы төмендейді деген болжамдар бар, бұл бәлкім шынайы тезис, бірақ болжалды күйде. Біз Ресейдің аймақтағы ықпалы мен назарының төмендеу тенденциясын көріп отырмыз. Бірақ бұл жерде процесстің ондаған жылдарға созылуы мүмкін екенін де түсіну маңызды. Қазір де ОА-дағы Ресейдің ықпалы-мүмкіндігімен салыстырғанда Қытай әлі де артта. Жақында аймақ елдері басшыларының Мәскеуге Жеңіс шеруіне баруы Ресейде ОА элитасына ықпал етудің жасырын, бірақ өте тиімді тұтқалары бар екенін көрсетті. Оның үстіне, соғыс пен оның зардаптарына қарамастан, сауда көлемінің өсуі жалғасуда, ол негізгі сыртқы сауда серіктес болып қала береді. Осының негізінде Қытаймен басталған 5+1 форматы Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы саяси балансының бір бағыты болуы мүмкін.
Тағы бір айта кететін жайт, бүгінде Ресей мен Қытай ОА-дағы іс-әрекеттерін үйлестіруде. 2022 жылы ақпанда екі ел басшыларының бірлескен мәлімдемесінде тараптар көршілес аймақтарда, яғни Орталық Азияда мүдделері мен ұстанымдары ұқсас екенін мәлімдеді. Биылдың өзінде Си Цзиньпиннің Ресейге сапарының қорытындысы бойынша тараптар Орталық Азиядағы түрлі-түсті төңкерістерді экспорттауды қабылдамайтынын қайталап, сол арқылы аймақтағы стратегияларын үйлестіретіндерін растады.
Бұл біз үшін сақтықпен қарайтын түйткіл. Өйткені, біздер – ОА елдері үшін Мәскеу мен Бейжің позицияларының шектен тыс жақындауы да, олар арасындағы қайшылықтың болуы да бірдей қауіпті.
Орта Азия – Қытай:
қазақстандық мүдде
Қазіргі күрделі жаһандық жағдайға сай, ОА елдері де аймақтық интеграцияны дамытудың қажеттілігін анық түсініп жетті. Сондықтан да біртұтас геосаяси аймақ қатарында әлеммен қатысуын жиілетті. Ресей, Батыс және Қытай сынды күштер арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында барлық тараппен түрлі форматта диалог орнатып өзінің батыл қадамдарын да жасады. Қытаймен 5+1 форматындағы саммит те осының бір дәлелі.
ОА-ның біртұтас геосаяси аймақ ретінде Қытай сынды ірі экономикамен байланысты тереңдетуі аймақтың, соның ішінде Қазақстанның да тұрақтылығы мен дамуы үшін маңызды. Дей тұрғанмен, қазақстандық мүдде тұрғысынан қоғам мен биліктің сергек қаперінде болуға тиісті мәселелер де жоқ емес.
Қоғамда Қытайға деген наразылық көңіл-күйдің бар екені де ескерілуі керек. Бұндай қоғамдық көңіл-күйге әсер еткен факторлар қатарында Шыңжаңдағы жағдай, синофобияны күшейтетін ішкі және сыртқы ақпараттық ағынмен бірге, сондай-ақ, қытайлық кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің бизнес практикасына деген шынайы наразылық та бар. Бұлардың нәтижесінде қоғамда әсіресинофобиялық пікір, көзқарас қалыптасқан.
Бұның бәрін қорыта келгенде, Қазақсан үшін аймақтағы бастамашылық орнын дамытып, ішкі тұтастыққа (билік пен халық арасындағы) қоса, аймақтық тұтастықты да бекемдеуге көбірек күш салған жөн. Себебі, жаңа жаһандық жағдай Қазақстанды қамтыған аймақтың ішкі интеграциясын дамытуға, оның өзінде жедел дамытуға итермелеп отыр. Сондықтан Қазақстан бастаған Орталық Азия елдері әлемнің алып экономикасы саналатын Қытайдың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы аймақтың тұрақтылығы мен қарқынды дамуын қамтамасыз ете алады. Алайда, ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне де жаңаша көзқараспен қарап, бекемдей түсу керек.
Естай БОЖАН