Қорғаныс министрі БҰҰ Бас хатшысының орынбасарларымен келіссөздер жүргізді

Бүгін, 14:19
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қорғаныс министрі БҰҰ Бас хатшысының орынбасарларымен келіссөздер жүргізді
Фото: Қорғаныс министрлігінен

БҰҰ-ның Берлиндегі Министрлік конференциясы аясында Қазақстан Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасарлары Жан-Пьер Лакруа және Атул Харемен бітімгерлік қызметі шеңберінде Қазақстан Қорғаныс министрлігі мен БҰҰ Хатшылығы арасындағы өзара іс-әрекетті нығайту перспективалары жөнінде екіжақты келіссөздер өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қорғаныс ведомствосының басшысы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастығы біртіндеп дамып келе жатқанын және іс жүзінде нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. 2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасы өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен және басқа да жарақтарымен әскери бақылаушыларды жіберуден бастап ұлттық контингентті дербес орналастыруға дейінгі бітімгерлікті дамытудың толық циклынан өтті.

Келіссөздер алаңында Қазақстан Республикасының Парламенті қазақстандық әскери қызметшілердің БҰҰ-ның он бітімгерлік миссиясына қатысуын мақұлдады, оған ұлттық контингенттен, әскери бақылаушылардан және штаб офицерлерінен басқа Қарулы күштер де мамандандырылған бөлімшелерді жіберуге дайын екендігі атап өтілді.

Бұдан өзге нығайып келе жатқан Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығы – Орталық Азиядағы бірегей оқу мекемесінің БҰҰ-ның бітімгерлік дайындық шеңберінде сертификатталған курстарын өткізетін мүмкіндіктері талқыланды.

Қорғаныс министрі оған қоса, Қазақстанның Қарулы күштері БҰҰ-ның бітімгерлік қызметі бағыты бойынша ынтымақтастық шеңберінде өзара іс-әрекеттің басқа да перспективалық бағыттарын қарауға дайын екенін айтты.

Кездесу соңында Қазақстанның Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Біріккен Ұлттар Ұйымы басшылығына Қазақстанның бітімгерлік бастамаларын қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.