00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Тәуелсіздік күнінің мәні де, мағынасы да әрбір қазақстандық үшін қастерлі - Зулфухар Ғайыпов

14 желтоқсан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Тәуелсіздік күнінің мәні де, мағынасы да әрбір қазақстандық үшін қастерлі - Зулфухар Ғайыпов
Фото: Elordainfo.kz

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Басқару институтының директоры, елордалық Қоғамдық кеңестің төрағасы, Ұлттық Құрылтай мүшесі  Зулфухар Ғайыпов  Ұлттық мереке туралы пікір білдіріп, қазақтандықтарды құттықтады, деп хабарлады Elorda.info.

Ұлттық Құрылтай мүшесі Зулфухар Ғайыповтың сөзінше, еліміз осы уақыт аралығында әлемдік қауымдастықтың ортасынан өз орнын ойып тұрып айқындап алды. 

Тәуелсіздік күнінің мәні де, мағынасы да әрбір қазақстандық үшін қастерлі. Өйткені, Тәуелсіздікке қол жеткізу бұл біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы армандаған асыл арманы болатын. Біз бұл арманға 1991 жылы 16 желтоқсанда қол жеткіздік. Сол күні Тәуелсіз Қазақстанның көгінде көк байрағы көтеріліп, әнұраны шырқалды. Жаңа Тәуелсіз мемлекетіміздің құрылғанына 32 жыл болды. Тарих тұрғысынан алғанда бұл қас қағым сәт. Соған қарамастан қазақ елі әлемдік қауымдастықтың ортасында өз орнын ойып тұрып айқындап алды.  Кейде кейбір «Ұлтшыл- патриот» азаматтарымыз «Егемендік бізге қан төгізсіз келді, сондықтан да біз оның қадір қасиетін түсінбей жүрміз» деген пікір айтады. Бұл мүлде қате пікір. Тәуелсіздікке қол жеткізуде біздің таңдаған жолымыз бейбіт саясат болды. Кезінде атақты Қазыбек би Жоңғардың қоңтайшысына барғанда қазақ елін таныстыра тұрып, «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан, ...досымызды сақтай білген, дәм-тұзын ақтай білген елміз» деген екен. Дәл осындай бейбіт саясатты егемендіктің алғашқы күнінен бастап, басты ұстанымға айналдырдық. Еліміз Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап бейбіт  және көпвекторлы саясат ұстанды. Тарих кейде қайталанады. Абылайдың заманы бүгінгі тұста қайталанып, геосаяси жағдай шиеленісіп тұр. Батысымызда Ресей мен Еуропа елдері өзара теке тіресте отыр. Шығысымызда алып Қытай мемлекеті тұр. Осы алыптар арасында Мемлекет басшысы шебер саясат жүргізуінің арқасында, еліміз көршілермен бейбіт қарым-қатынас орнатып, еліміздің  экономикалық әлеуетін арттыруда,- деді ол.

Сонымен қатар Зулфухар Ғайыпов өз сөзінде, Тәуелсіздік алғаннан бастап қол жеткізген жетістіктерге қысқаша тоқталып өтті. 

Егемендіктің ең басты шарты шекараны шегелеп алу болса, біз оны толығымен шешіп алдық. Халықаралық қауымдастықтар алдында шекарамызды осылайша толығымен айқындадық.  Бұл жас егеменді елдің ең үлкен жетістігі. Екіншіден, кеңестік дәуірден қалған Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартып, әлемге өзімізді тағы да бейбіт саясат ұстанған мемлекет ретінде жарияладық. Үшіншіден, егемендік  жылдары елге 340 млрд. астам шетел инвестициясы тартылды. Бұдан басқа халықаралық маңызы бар Батыс Қытай – Батыс Европа автомобиль жолын, 3 мың км. теміржол желісі салынды. Елде қаншама жаңа өнеркәсіп орындары ашылды. Халық саны 20 млн.асып, өмір сүру ұзақтығы 74 жасқа жетті.  Төртіншіден, елдегі ұлтаралық келісім мен бірлікті сақтай білдік. Осы мақсатта Отанымызды мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың басын біріктіретін, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы жарлығы шықтыБүгінде бұл саяси институт әлем мойындаған қазақстандық модельге айналды. Бесіншіден, арқаның төрінен егеменді елдің астанасын салдырды. Қаншама заманауи мәдени, ғылыми, бизнес орталықтары, спорт, демалыс-сауда кешендері бой көтерді. Кешегі 200 мың халқы бар облыс орталығы бүгінде 1 млн. 375 мыңнан астам халқы бар мегаполиске айналды. Ұрпақ ауысар, әлем де өзгерер, ең бастысы келешек ұрпаққа әлемдік державалармен терезесі тең тәуелсіз мемлекет қалдыру біздің басты ұстанымымыз болуы шарт. Тәуелсіздік күні құтты болсын!»,- деді З.Ғайыпов.