Мақсат Жақау: Әкімдердің сайлауы – нағыз демократиялық шешім
Биыл Қазақстан қоғамы үшін өте маңызды саяси шешімдерді жүзеге асыру кезеңі болмақ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылғы 16 наурызда бастаған саяси реформалары 9 маусымда жалпыхалықтық референдумда 77 пайыздан астам халықтың қолдауына ие болып, де-юре конституциялық өзгерістер бекітілген еді.
Ал де-факто, былтырғы 20 қарашада өткен кезектен тыс Президенттік сайлауда Мемлекет басшысының басқару мерзімі жеті жылға өзгертіліп, бірақ бір мерзімге сайлануы, биылғы 19 наурызда көппартиялық Парламенттің жасақталуы – ұстанған жолымыздың сөз жүзінде ғана емес, нақты нәтижеге бағытталған реформа екендігін көрсетті. Яғни, Парламент пен мәслихаттар 80 пайызға жуық, ел Үкіметі былтырдан бері 75 пайызға, жиырма аймақ басшысы 73,4 пайызға толық жаңарып, жасақталды. Нәтиже бар, айтылған көрсеткіштерге ешкім дау келтіре қоймас.
Екінші мәселе – саяси реформалардың жалғасы ретінде биылдан бастап 45-тен астам қала, аудан әкімдерінің сайлануы күтілуде. Бұл өз кезегінде құқықтық тұрғыдан жаңадан бекітілетін Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңның арқасында жүзеге аспақ. Аталған өзгерістер жергілікті электораттың тікелей сайлауы арқылы жүреді. Егер өткен жылдың желтоқсанында бекітілген Сайлау туралы заңға сүйенетін болсақ, бұған да саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер немесе өзін-өзі ұсынатын кандидаттар қатысып, болашақ әкім-қараларды халық сайлайды.
Көктемдегі аралас сайлауда Мәжілістің 29 мандатына 609 кандидат, ал жергілікті мәслихаттарға тиесілі 3 415 орынға 10 124 кандидат бағын сынап, бәсекеге түсті.
Бұдан шығатын қорытынды – қала мен аудан әкімдігіне де шамамен осы мөлшерде, яғни, бес мыңдай үміткер тіркеліп жатса, еш таңғалуға болмайды. Өйткені, саяси реформалардың жемісіндей болған демократиялық даму үдерістері қоғамның саяси процестерге араласу деңгейі жоғары екендігінің көрсеткіші болмақ.
Сөзсіз, сайланған әкімдердің жауапкершілігі, жергілікті қордаланған мәселелерді шешуге талпынысы, аймақтың индустриялық дамуына әкелер жаңалықтары, инвестиция тарту саясаты – бұл сайланатын әкімдердің мазмұндық қызметіне қатысты бөлек тақырып, оны өз уақытында айта жатармыз.
Қала мен аудан әкімдерінің пилоттық сайлауы алдағы уақыттың еншісінде болса, ал 2021 жылғы 25 шілдеде басталған жергілікті ауылдық-селолық округтерге сайланған 730 ауыл әкімінің сайлауы 2025 жылы да кезең-кезеңімен жалғаса бермек. Аталған ауылдық деңгейдегі сайланған әкімдердің де құзыреттері биыл бекітілетін «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңнаманың негізінде қайта түлейтін болады.
Егер бағамдап көрсек, сайлау науқандары «Екінші республика» деп ен таққан жаңа Қазақстанның саяси даму үдерісінде өте көп сияқты. Бірақ дамыған елдердің саяси тарихында, әрбір саяси шешімге халықтың осылай сайлау технологиялары арқылы қатысуынан өзге балама жолды көрмейміз. Болса да ол не тоталитарлық, не диктаторлық қоғам болатын еді. Әлбетте, бұлар келмеске кеткен жүйелер.
Сондықтан авторитарлық тағайындалмалы жүйеден шыққан ашық һәм жариялы қоғамды орнатуға талпынған бүгінгі биліктің бар мақсат-мұраты – еліміздің кез келген азаматының дауысы арқылы ауылдан бастап жоғарғы биліктің инстанциясына дейін қоғамдық үнін естіртіп, дауыс беріп отыруы болмақ.
Арнайы зерттеу нәтижелері бойынша, ел Президентінің әрекетіне сұралғандардың 81,4%-ы сенімділік танытса, 50,4%-ы Парламентке сенім артқан. Ал жергілікті әкімдерге сенімділік деңгейі 51,8%-ды құрап отыр, бұл ойлантарлық жағдай. Сол себепті саяси реформалардың бүгінгі көрсеткіштерін талдап-таразылап, осал тұстарын анықтап, халық сеніміне ие болу параметрін тереңдете беру керек.
Сайланбалы әкімдердің сайлауына – халықтың қатысуы нағыз демократиялық шешім дегеніміз де осыны меңзейді.
Мақсат ЖАҚАУ,
саясаттанушы