Әкімдер сайлауы: Төменнен жоғары қарай даму үрдісі
Елімізде алдағы қарашада пилоттық жоба ретінде 42 аудан және 3 облыстық маңызы бар қаланың деңгейінде әкімдер сайлауы өтпек. күні кеше Орталық сайлау комиссиясы бекіткен ережеге сәйкес әкім сайлануға ниет білдірген кандидаттардың мерзімі аяқталды.
Алғашқы мәліметтерге сенсек, әкімдіктен дәмелі 249 үміткер тіркелген екен. Сайлау 45 аумақтың әкімдігіне өтетінін ескерсек бұл сан аздау деген пайым жасауға болады. Көктемде өткен Мәжіліс сайлауында бір сайлау округынан 70-77 кандидат ұсынылғанын есте болар. Бұл жерде депуттаттың әкімге қарағанда айналысар шаруасы анау айтқандай көп емес.
Ал әкім болу дегеніміз, тек басқару емес, түрлі атқарушылық қызметтер де қатар жүктеледі. Яғни, менеджерлік, қаржылық, шаруашылық, құқықтық, әлеуметтік жауапкершіліктері жетіп артылады. Әкім болуға үміткерлердің біз ойлағандай емес біршама аз болуының бір себебі де осы болуы керек
Сонымен, әзірше ұсынылған кандидаттардың 36,24% – саяси партиялардан, 63,86% - өзін-өзі ұсынушы екені белгілі болды. Орталық сайлау комиисиясы берген мәлімет бойынша әкімдік қызметке ең жоғары бәсекелестік - Жамбыл облысының Жуалы ауданында, Жетісу облысының Кербұлақ ауданында, Түркістан облысының Бәйдібек ауданында тіркелген. Ол аудандарда аудан әкімі болуға ниетті 9 үміткерден түсіп жатыр екен.
Ал ең төменгі бәсекелестік 3 үміткерден Ақмола облысының Жақсы ауданында, Атырау облысының Исатай ауданында, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы, Қостанай облысының Алтынсарин, Денисов, Қарабалық аудандарында тіркелген. Әрине, әкімдер сайлауының маңыздылығы, бұл қоғамның демократиялық саяси даму науқанын күшейтеді.
Осы сайлау қарсаңында кандидаттарды ұсынуға еліміздің барлық тіркелген жеті саяси партиясы ("Ақ жол" ҚДП, AMANAT, "Ауыл" ХДПП, Байтақ, ЖСДП, ҚХП, Respublica) белсендігін көрсетуде. Бұл қуантарлық жағдай. Көп саяси ұйымдардың адрестік деңгейдегі ұсыныстары қоғам тарапынан қолдау табатын болады. Және жергілікті өзекті мәселелердің ерекшелегіне қарай, қолданыстағы сайлауалды бағдарламалары да іс жүзінде жүзеге асуына мүмкіндік туады. Мәселен, бізде тек Парламентте көтеріліп, Үкіметті тоқпақтай беру әдетке айналған. Бұдан былай,көп жағдайда электорат жергілікті мәселелерін ендігі кезекте, бірден атқарушылық деңгейді таңдау арқылы шешімін жедел табуына мүмкіндік алады деген сөз. Ал, осы ретте саяси партиялардың қаншалықты жергілікті деңгейде атқарып жатқан жұмыстарына да сыни көзқарас алдыға шығады.
Бір сөзбен айтқанда, партиялардың жергілікті филиалдары, бұған дейін сапалы деңгейде жұмыс атқарған болса, ондай саяси ұйымның сайлаудағы мүмкіндігі де жоғарылайды. Міне, осы тұрғыдан алғанда, партия арқылы сайлауға түсетін кандидаттардың сайлаудағы нәтижелі шығуына тәуекелдігі молдау болмақ.
Бұл жерде әкімдердің сайлауы, саяси партиялардың жұмысын ғана іргелітеді деу жаңсақтық болар еді. Өйткені, жаңа өзгерістер енген конституциялық заңнаманың өзінде тек саяси партияның ғана емес, өзін-өзі ұсынушы жеке кандидаттардың да сайлануға толық құқығы анықталған. Сондықтан, алдағы 5-қарашадағы әкімдер сайлауында 160 астам кандидат өзін-өзі ұсынушы ретінде түсуде.
Негізгі ұсынылған үміткерлердің орташа жасы 47 жас болды. Олардың ішінде басым бөлігі 35 пен 55 жас аралығында - 68,27%. Ең ересек үміткері Атырау облысының Қызылқоға ауданы бойынша зейнеттік 62 жаста, ал ең жас үміткер 27 жастағы Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданы бойынша кандидат болып түсуде. Егер салыстырмалы түрде алсақ, кандидаттардың көпшілігі ер адамдар, Осы сайлауда әкімдікке үміткерлердің 13-і ғана әйел адам.
Бұл жерде жаңа талаптарға сәйкес, кандидаттардың мемлекеттік еңбек өтілімі ескеріледі, сол бойынша осы сайлауда 63,05% мемлекеттік қызметшілер болса, 9,64% - бюджет саласының қызметкерлері, 14,86% - коммерциялық құрылым өкілдері екен.
Осыған байланысты, әлбетте шаруашылық, қаржылық, басқарушылық тәжірибесі болашақ әкім боламын деген кандидаттарға қажет-ақ. Сөзден гөрі іске жақын кандидаттар әкім болған күннің өзінде сайлауда берген уәделерін орындай алу мүмкіндіктері алдыңғы кезекте екені даусыз. Осы жерде жаңа өзгерістерістерге сәйкес, бір жылдан соң сайлаған сайлаушылардың бар-жоғы бестен бірінің ғана жазбаша түрде қарсылығымен әкімдерді орнынан алып тастау қарастырылғанын да ескерген жөн Бұл да саяси демократиялық жаңғыру аясында енген әділ өзгерістердің нышаны деп қабылдаймыз.
Сонымен, еліміз жаңа саяси реформалардың шымылдығын ашуда, жергілікті аудан мен қалалардың әкімдерін сайлаумен бастағаны құптарлық пилоттық бастама. Бәрі ойдағыдай өтсе, алдағы 2025 жылға дейін Қазақ елі жаппай жергілікті әкімдер сайлауына үлкен дайындығымен енбек. Сол кезде жүзден астам аудан мен жиырмаға жуық облыстық деңгейдегі қалалардың әкімдерін жаппай сайлайтын боламыз.
Мақсат ЖАҚАУ