Үкімет Каспийді сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуі керек – Президент

Бүгін, 12:25
Айман Нығмет Айман Нығмет
views64
Үкімет Каспийді сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуі керек – Президент
фото: akorda.kz.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы баяу жүруде, нақты нәтиже әлі жоқ. Бұл жұмысқа белгілі шетелдік компанияларды тартқан жөн. Сондай-ақ Қытайда жасалған әлемдегі ең озық технологияларды сатып алуға болады. Су тапшылығына байланысты қиындық болуы мүмкін екені алдын ала ескертіліп жатады. Соған қарамастан диқандар суды көп қажет ететін дақыл егуді азайтар емес. Тіпті егін суаруға қажетті суды еш рұқсатсыз, шартсыз бұрып алатын жайттар жиі кездеседі. Тағы бір келеңсіз жағдай, бұл – «қара нарықтағы» суды заңсыз сату я сатып алу. Құқық қорғау мекемелері бұл мәселемен айналысуы қажет. Алайда Аралға қатысты жақсы мысал бар. Әрине, теңіздің тартылуы Қазақстан үшін үлкен қасірет болды. Бірақ одан қорытынды жасалып, теңізді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл кешенді жұмыс 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жалғасуда. Соның арқасында Солтүстік Аралды сақтап қалдық. Оның айдыны 36 пайызға ұлғайып, су көлемі екі есе өсті. Су құрамындағы тұздың мөлшері екі есе азайды. Бірақ Аралды толтыру жұмыстары қарқынды жалғаса беруге тиіс»,- деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуы қажеттігін айтты.

«Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны жұртты алаңдатып отыр. Тиісті шара қолданбасақ, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін. Сол себепті мен жақында Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында осы маңызды мәселеге арнайы тоқталдым, Ұйым аясында Су мәселелері жөніндегі кеңес құру туралы ұсыныс айттым. Каспий теңізі – бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе. Сондықтан жұмылып әрекет ету қажет. Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуы керек. Оны серіктес мемлекеттермен келісу қажет. Бұл құжат Каспий маңындағы елдердің үйлесімді әрі жедел әрекет етуіне арқау болуға тиіс. Бүгін біз су мәселесі бойынша дұрыс және орынды шешім табатын болсақ, ертең соның игілігін кейінгі ұрпақ көретін болады. Балаларымыз бен немерелеріміздің тағдыры біздің әрекетімізге тікелей байланысты болмақ. Біз – өз болашағымызға өзіміз жауаптымыз. Суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – институционалдық және технологиялық шешімдерден, тіпті, осы бағытта бөлінетін қаражаттан да маңызды іс»,- деді Президент.