00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Басты құжатты талқылау ісіне 3 миллионнан аса адам қатысты – судья

Басты құжатты талқылау ісіне 3 миллионнан аса адам қатысты – судья
Фото-коллаж: Elorda.info

Елдің басты құжаты саналатын Ата заңымыздың қабылданғанына биыл 29 жыл толып отыр. Бүгінгі қолданыстағы Конституция 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған болатын. Бұл елеулі дата тәуелсіз еліміздің тарихына еніп, жалпыхалықтық мерекеге айналды. Сол күннен бері елде жыл сайын Ата заң күні атап өтіледі. Мереке қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі Астана қалалық сотының судьясы Гүлнар Жаппаровамен әңгімелескен еді.

Егемендік алғаннан кейінгі алғашқы Конституция 1993 жылдың 28 қаңтарында елдің бас өкілетті органы яғни Жоғарғы Кеңеспен қабылданған еді. Ол 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұрды. Онда Қазақстанның парламенттік, демократиялық ел екенін айшықтаған болатын.  

«Қазіргі қолданыстағы Конституция жобасының талқылауына 3 миллионнан аса қазақстандық қатысып, өздерінің 32 мыңдай ұсыныстары мен ескертпелерін енгізді. Конституцияда Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықитық және әлеуметтік мемлекет ретінде танылды, оның ең қымбат қазынасы – адам және адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігі айқын көрсетілген», - деді судья.

Ата заңның шығу төркініне қарасақ – басты заң, басты құжат дегенді білдіреді.

«Тарихқа көз салсақ, қазақ халқында ежелден-ақ заң нормаларының ізі жатыр. Олай дейтінім, кешегі Тұран даласында ат дүбірінің ізі алып түркі империясында салт-дәстүрге негізделген дала заңы болса, жарты әлемді жаулаған ұлы қаған Шыңғыс хан тұсында Яса заңдар жинағы, мәңгілік ел болуды аңсаған қазақ хандығы тұсында Есім ханның «Ескі жолы», Қасым ханның «Қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» Ата заңымыздың рөлін атқарған. Әрине бұлар қазақ қоғамында біртұтастық пен ынтымақ орнатуға дәнекер болған ежелгі ереже-қағидалардың үлгілі нұсқасы, халықтың тәртіп низа­мының, салт-дәстүрінің жүйелі жиын­тығы. Оның дала заңдары негізінде билер дау шешкен, хан өкім еткен, оны бұқара халық ар-ұятындай ұстаған», - деді спикер.

Судьяның айтуынша, қазіргі таңда Конституцияның әр сөзі заманауи өркениетке негізделгенімен, ата жолдан айнымаған.

«Себебі қазақ халқы әу бастан-ақ бейбітшілікке, татулыққа, сыйластыққа, адам құқығына аса мән берген. Осы кездегі қолданыстағы Ата заңымыз да осыны үндейді. Сондықтан біздің елдің басты заңының ерекшелігі осында екенін айтуға болады», - деді Гүлнар Сәрсенбекқызы.

Конституцияның қабылданғанына 30 жылға жуық уақыт болса да, бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған түрткі болған басты себептер жаһандану үдерістері, әлемдік экономикалық және геосаяси жағдайлар, түрлі қоғамдық қатынастар екені белгілі. Уақыт пен заман талабы бір қалыпта тұрмайтыны тағы бар. Ата заңымызға енгізілген түзетулер бойынша басты оқиға осыдан екі жыл бұрын өткен бүкілхалықтық референдумда көрініс тапты.

«Мемлекеттік басқару мәселесіне келгенде Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік формаға көшті. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады, сондай-ақ, мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз – елдегі маңызды мәселелер халық талқылауы нәтижесінде шешімін табады және  халық тікелей араласады деген сөз. Яғни демократияның ашық көрінісі», - деді спикер.

Сонымен қатар, Конституцияда ең басты байлық адам мен оның өмірі екендігі айтылған.

«Референдум арқылы енгізілген өзгерістердегі негізгі қадамдардың бірі өлім жазасына тыйым салынады. Себебі ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ. Ал осы өзгерістердегі ең басты жаңалық,  құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі – Конституциялық соттың құрылуы болды. Азаматтарымыздың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қорғайтын орган болғандықтан, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарау басты міндеті болып табылады. Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алатындығында. Бұл институт қазіргі таңда өз жемісін беріп те келеді.  Конституциялық негіздерді арқау етіп, еліміз маңызды табыстарға қол жеткізіп, әлемдік қауымдастықта беделді орынға ие болды», - деді Астана қалалық сотының судьясы.

Гүлнар Сәрсенбекқызының айтуынша, Астана соттарында биыл 31 002 азаматтық іс қозғалған. Олардың 2 599-ы сот бұйрығы мен 19 485-і шешім қабылдаумен аяқталған. Бір айта кетерлігі, қаралған азаматтық істердің 88%-да талап қою қанағаттандырылған.

«Елдің қарыз ақша өндіру, өз құқықтарын қалпына келтіру бойынша мәселелерін шешетін соттан басқа алаң жоқ. Көрсетілген статистикалық мәліметке сүйенер болсақ, келіп түскен отыз бес мыңдай талап қоюға шамамен жетпіс мыңдай тарап қатысады. Бұл  елорда халқының барлығы соттасуды қалайды дегенді білдірмейді. Себебі оның 20 пайызы татуласумен аяқталған. Соттар тараптарды татуластыру бойынша тиісті шаралар жасап, нәтижесінде есепті кезеңде 6 402 іс татуластыру рәсімімен аяқталған. Ал нағыз даулы істердің 10-12 пайызы ғана аппелляциялық алқаға келіп түскен», - деді судья.

Спикер қоғамдағы дауды соттаспай, тиімді шешу тетіктерін кеңейткен жөн деп санайды.

«Осы мәселені шешу үшін билер, ақсақалдар кеңесі, татуласу орталықтарын көптеп ашып, олардың жұмысын жандандыруды қолға алудың маңызы мол. Бұл біз үшін тиімді болар еді. Нәтижесінде еліміз әлемдік аренада дауласушы елдердің қатарында болмайды», - деп пікірін білдірді судья.

Астана қалалық сотының судьясынан бүгінгі таңда соттарда қандай даулардың саны артқанын сұрап-білген едік.

«Жаңа қоғамдық қатынастар туындаған сайын түрлі даулардың пайда болатыны белгілі. Осы орайда соттарда жүктеме көбеймесе, азаймайды. Биыл жыл басынан бастап осы күнге дейін неке-отбасы қатынастарынан туындаған даулардың үлес салмағы басым. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу мен еңбек қатынастарынан туындаған даулар бар. Соңғы қабылданған заңнамаға сәйкес жеке тұлғалардың банкроттығы туралы біршама істер түсіп үлгерді. Олардың саны 233 болса, оның 36-сы қанағаттандырылған», - деді судья.

Сөз соңында Гүлнар Сәрсенбекқызы Ата заң күніне орай қазақстандықтарға жылы лебізін білдірді.

«Адам құқықтары мен бостандықтарының мәртебесі демократиялық қоғамға ұмтылуымен дәлелденеді. Конституция сәтті және мызғымас демрократиялық дамудың іргетасы болып саналумен қатар, қоғамды біріктіруші басты фактор. «Еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» – деген ұстанымды әрбір қазақстандық нық ұстанса, онда келешегіміз жарқын болады деп сенемін. Айтулы мереке қарсаңында бірлігіміз нығайып, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ болғанын тілеймін», - деп сөзін түйіндеді судья.