Бүркітбай Аяған: Президент сұхбатында мемлекеттің алдағы жоспарлары айқындалған

Бүркітбай Аяған: Президент сұхбатында мемлекеттің алдағы жоспарлары айқындалған
Фото: Бүркітбай Аяғанның жеке архивінен

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбаты өте маңызды. Себебі Президент мұнда, бір жағынан, өткен жылдарға қорытынды айтса, екінші жағынан, мемлекеттің алдағы жоспарларын анықтаған екен. Соның арасынан, нақтылап айтсақ, Мемлекет басшысы сұхбатта экономикалық өзгерістер, саяси өзгерістер қандай болуы мүмкін, қазақ тілінің болашағы, түркі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас, IT технология, жастардың шетелге кетуі, сонымен қоса заң мен тәртіп туралы біраз мәселелерге тоқталды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған Мемлекет басшының сұхбаты туралы осындай пікір айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Сұхбатта бұдан өзге де көптеген мәселелер қамтылған. Мемлекет басшысы Елбасы туралы, өзі туралы, «Парламенттік республика бола ма?», «Сайлау бола ма?» деген сияқты сұрақтарға нақты жауап берген. Менің ойымша, сұхбатта айтылған барлық мәселелер маңызды. Сұхбатты ғалымдар, шенеуніктер қолына қарындаш алып оқуы керек, әрқайсысы өзіне қатысты, орындалуы керек мәселелерді таңдап алуы керек», - деді Б.Аяған сұхбат туралы.

Белгілі тарихшы сұхбаттағы, әсіресе, қазақ тілінің еліміздегі және әлемдегі орны туралы айтылған мәселелерге тоқталды.

 «Менің ойымша, әр қазақ баласы ана тілін дамыту үшін бар күшін салуы керек. Отбасындағы тәрбиеге, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге ден қоюы керек.

Екінші мәселе, қазіргі кезде еліміз технологиялық даму, IT, жасанды инттелект сияқты бағыттарды тезірек игеріп, алға шығып кетпесе, біз артта қалып қоямыз. Әлемнің дамуы бір үлкен пойыз сияқты. Кім пойызға кезінде отырмай қалса, ол сол станцияда қалып қояды. Алдыңғыларды қуып жетуі қиын болады. Қазіргі әлемдік мүмкіндіктер біз үшін өте ыңғайлы. Тез арада басқа елдердің жетістіктерін игеріп, біліп алуға болады. Бұл - өте бір маңызды жол.

Үшіншіден, рухани жаңғыру. Бұрынғы заманды жамандау, нені болсын мемлекетке сілтей беру сияқты жағдайды азайтып, әрқайсымыз еңбектенсек, жақсы жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Мысалы, жастар арасында шетелге кету мәселесіне тоқталайық.  Олардың арасында «Онда жетістіктерге жетуге болады, Қазақстанда не көресің, не табасың» деген сияқты пікірілер бар. Мен шетелде тұрдым. Онда өте қатыгез қоғам бар. Заңды бұзсаң, тәртіпті бұзсаң, сені ешкім аямайды. Шетелге кеткен балалар бірден май шелпекке түспейді, көбі қара жұмысқа тұрады. Менің ойымша, шетелге кеткенше шетелдік технологияны интернеттен-ақ үйренуге болады. Ол үшін туған жеріңде кәсіп ашып, халыққа керекті жұмыстарды атқарып , заңды пайдалана отырып, бір компания құру әлдеқайда ыңғайлы сияқты. Қазір мүмкіндіктер көп. Мүмкін болса, осы жақта бар күшіңді салып жұмыс істеуің керек.

Келесі мәселе - оқымысты адамдардың алдына қойылып отырған міндет. Бізде бір-ақ Отан бар, ол - Қазақстан. Сондықтан біздің қандастар, басқа жақтан келіп жатқан диаспоралар бар - барлығы жұмған жұдырықтай осы жерді дамытуға, көркейтуге үлес қосу керек сияқты.

Бір сөзбен айтқанда, басталып жатқан реформалар бір жағынан, Парламенттің жұмысын дұрыстап, көппартиялық жүйені дамыту керек болса, екінші жағынан, инвестицияларды тарту, теңгені қалпына келтіру тәрізді мәселелерді шешпесе тағы болмайды. Біз осы істерге жұмылуымыз керек», - деді тарих ғылымдарының докторы.