Бүгін аудандар мен қалалардың 45 әкімі сайланады
Бүгін, 5 қарашада пилоттық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау бойынша дауыс беру басталды, деп хабарлады Elorda.info Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап.
Облыстық сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес, елорда уақытымен сағат 07.00-дегі жағдай бойынша өңірлерде барлық 1491 аудандық және қалалық сайлау учаскелері дауыс беруге кірісті.
Ең ірі 305 сайлау учаскесінде (1000-нан астам сайлаушы) ЦДИАӨМ және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-мен бірлесіп, сайлаушылар тізіміне кірмеген, бірақ сайлау учаскесінің аумағында тұратын мекенжай мәліметтерін тексеру үшін сервис ұйымдастырылды.
Жамбыл және Түркістан облыстарының 3 сайлау учаскесінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң шеңберінде аумақтық сайлау комиссияларының қабылданған шешімдеріне сәйкес дауыс беру таңғы сағат 06.00-де басталды.
Қазақстан Республикасының аумағындағы уақыт белдеулерінің шекараларына сәйкес 5 өңірдің: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының сайлау учаскелері Астана уақыты бойынша сағат 08.00-де ашылды.
Сайлаушылар тізіміне 1 062 327 азамат енгізілді.
4 қараша сағат 18.00-де жалпы, учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері бойынша аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау бойынша дауыс беру құқығына 143 есептен шығару куәлігін берді.
Дауыс беру сайлау күні жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайда өткізіледі.