Азия Кеңесін трансформациялаудың Жол картасы қабылданды
Азия Кеңесі Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысының қорытындылары туралы Азия Кеңесі Бас хатшысы Қайрат Сарыбай мәлімдеме жасады, деп хабарлады Elorda.info
Азия Кеңесін трансформациялаудың стратегиялық маңызы – Азияның жаһандық рөлін күшейту және мүше-мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты жаңа биіктерге жетелеу болып табылады.
Бүгін қабылданған Азия Кеңесін трансформациялаудың Жол картасы біздің ұйымымызды біртіндеп құрылымдық тұрғыдан өзгертуге байланысты туындайтын мәселелерді талқылау мен шешім қабылдаудың басты құжаты болып табылады. Бұл ұйым жарғысын жасау, Азия кеңесі аясында ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын зерделеу, бюджеттік және кадрлық реформаларды жүзеге асыру, сондай-ақ басқа да мәселелерді қамтиды. Азия Кеңесі осындай өркенді өзгерістердің арқасында мүше-мемлекеттер арасындағы алдағы ынтымақтастықтың жан-жақты бағыттарын нақтылай түсуге және өзара іс-қимылдың ұйымдық және институционалдық базасын нығайтуға ұмтылады,- деп жазды Азия Кеңесі Бас хатшысы.
Бүгінгі қабылданған шешімде Азия Кеңесінің аға лауазымды тұлғалар комитетіне берілген трансформациялаудың жол харитасының барлық элементтерін талқылауды одан әрі жалғастырып, Министрлер Кеңесі немесе Саммит шешім қабылдауы үшін ұсынымдар беру жөніндегі тапсырма көрініс тапқан. Бас хатшы ретінде маған мүше-мемлекеттердің келіссөздер процесін үйлестіру мен ілгерілетуде Төрағалыққа қолдау көрсету тапсырылды.
Сонымен қатар, Министрлер кеңесі тұрақты даму мақсатында еріктілер қозғалысын ілгерілету жөнінде мәлімдеме жасағанын қанағаттанушылық сезіммен атап өтем. Бұл құжат Азия Кеңесіне мүше мемлекеттерінің тұрақты әрі жарқын келешекке қол жеткізуіне игі әсерін тигізетін еріктілердің күш-жігерін одан әрі дамытуға және жәрдемдесуге деген құлшынысын көрсетеді. Бұл Азия Кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың мүлдем жаңа бағыты деп атауға болады. Мұндай бастамалар, сонымен қатар, мәдениетаралық диалогтың дамуына және біздің халықтарымыз арасындағы сенім мен толеранттылықты нығайтуға септігін тигізетіндігі сөзсіз.
Азия Кеңесі волонтерлық қозғалыстың бағдарламалары мен жобаларын ілгерілету, олардың жұмысы үшін қолайлы жағдай тудыру, техникалық дағдыларды дамытуды көздейтін тренингтер мен курстарды көбейту арқылы еріктілердің Азияның кемел келешегін қалыптастыруға бағытталған әлеуетін толық қуатында жүзеге асыру барысында маңызды орын алады деген үміттемін.
Бүгін қабылданған Министрлер кеңесінің тағы бір маңызды шешімі - Бас хатшының келесі орынбасарын үш жыл мерзімге тағайындау. Қытай ұсынған Чжан Линг ханым осы лауазымда Қытай жіберген Чи Фан ханымның орнын басады. Екеуі де Аспан асты мемлекеті Сыртқы істер министрлігінің тәжірибелі дипломаттары. Жалпы Қытай Азия Кеңесі процесінің ең белсенді жақтаушыларының бірі. Мен мүше мемлекеттердің осы жоғары лауазымда сабақтастықты қамтамасыз еткеніне қуаныштымын.
Нью-Йорк, 2023 ж. 21 қыркүйек