Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарында қызметке кірісті
Ұлттық бітімгерлік контингенттің әскери қызметшілері БҰҰ миссиясындағы жедел әрекет ету күштерінің іс-қимыл алгоритмімен және базаның инфрақұрылымымен танысып қана қоймай, күнделікті қызметке кірісіп те кетті, деп хабарлайды Elorda.info Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстандық бітімгерлер Ирландияның бітімгерлік контингентінің базасын, істері мен міндеттерін қабылдауда. Алдыңғылары біздің әскери қызметшілерімізге миссия штабы орналасқан Фауар базасы бойынша таныстыру экскурсиясын өткізді. Дәл осы жерден миссияның барлық компоненттері басқарылады.
Біздің бөлімше миссия қолбасшысының резерві болып табылады. Ол құраманы түрлі міндеттерді, оның ішінде дағдарыс сәттерін орындау үшін жұмылдыра алады, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің аға офицері, подполковник Ілияс Мұстафин.
Ирландиялық әскери қызметшілер жедел әрекет ету күштерінің іс-қимыл тәртібі, функцияларды бөлу бойынша сабақтар өткізді, Голан жоталарындағы жауапкершілік аймақтары мен мұнда атқарылатын қызмет ерекшеліктерімен таныстырды.
Күнделікті қызмет шеңберінде әскери қызметшілер әскери техникаға қызмет көрсетумен және бронды дөңгелекті машиналарға жауынгерлік модульдерді орнатумен, міндеттерді орындауға дайындықпен айналысады.
Ауыз сумен, азық-түлікпен, жанар-жағармаймен және т.б. қамтамасыз ету үдерісімен танысу жүріп жатыр, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары, подполковник Рустам Жанжүменов.
Бұдан басқа, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшесі машиналарға жөндеу жүргізетін тұрақ-гараж жабдықтарын, қолда бар қару мен оқ-дәрілерді сақтауға арналған арнайы контейнерлерді орнатумен айналысады.
Айта кеткен жөн, «БҰҰ-ның бөлінген аумақты бақылау жөніндегі күштері» миссиясының құрамында әлемнің 12 елінен 1 500 әскери қызметші қызмет атқарады.