Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді
Депутаттар агломерацияларды дамыту туралы және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда қарайды, деп хабарлады Elorda.info.
Сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту, сондай-ақ Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша түзетулер екінші оқылымда талқыланады.
Күн тәртібінде бірқатар ратификациялық заң жобалары да бар. Олар: БАӘ-мен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы, Өзбекстан және Түркіменстанмен арадағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер.
Сонымен қатар депутаттар 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және республикалық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы қайтарылған заң жобаларына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарайды.
Бұдан бөлек, бірқатар жаңа заң жобасы жұмысқа қабылданады: әскери-патриоттық тәрбие мәселелері, жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері, жаңартылатын энергия көздерін, электр энергетикасы мен табиғи монополияларды пайдалануды қолдау бойынша түзетулер, сондай-ақ алты ратификациялық заң жобасы бар.