Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау туралы заң жобасы Мәжіліске енгізілді
Қаңтар оқиғасының қатысушыларына қатысты «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы Мәжіліс депутаттарының талқылауына енгізілді, деп хабарлады Elorda.info.
Заң жобасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы негізінде әзірленді.
Заң жобасының мақсаты – Қазақстан аумағында 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағандарды қылмыстық жауаптылықтан босату немесе сот тағайындаған жазаның мерзімін қысқарту. Бұл құжат азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған адамдарға мемлекет пен қоғам жағынан мейірімділік және ізгілік актісі болып отыр, – деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық комитетінің төрағасы Арман Қожахметов палатаның жалпы отырысында.
Айта кетейік, биыл қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасалатынын айтты.
Осы орайда, 1520 адамға рақымшылық жасалуы мүмкін.