Палата отырысының күн тәртібі бекітілді
Парламент Сенаты Бюросының мүшелері 2022 жылғы 22 қыркүйекте өтетін Палата отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлады Elorda.info senate.parlam.kz-ке сілтеме жасап.
Соған сәйкес алдағы Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды.
Құжат отандық кинематографияның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар мен мәдени іс-шараларды қаржыландырудың тақырыптық бағыттары мен тәсілдерін айқындау тәртібін бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыреті кеңейтіледі.
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы және биоотын айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарайды.
Заң жобасы асыл тұқымды мал шаруашылығына қатысты қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге арналған. Құжаттың негізгі міндеттерінің қатарында агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі цифрландыру, асыл тұқымды мал шаруашылығындағы тиімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру, биоэтанолды пайдалану саласын кеңейту және тағы басқа мәселелер бар.
Гүлжан Уалиева