180 күндік шектеудің аяқталуына аз қалды: Министр газ бағасы туралы айтты
Еске сала кетейік, қаңтар оқиғаларынан кейін Президент газ бен жанар-жағармайдың бағасына шекті бағалар енгізуді тапсырған болатын. 180 күндік шектеу шарасы 1 шілдеде аяқталады. Мәселен, зауыттың өзінен газдың бір литрі 16 теңгеден сатылуы шарт.
Министрдің айтуынша, бұл – өте төмен баға. Себебі зауыттарда жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы жұмсалады.
Өте төмен бағалар сақтала берсе, өндірісті көбейтуге ешқандай ынталандыру болмайды. Өйткені қазіргі бағалар газды шығаруға кететін шығыннан да төмен болып отыр, - деді Ақшолақов Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Министрдің айтуынша, 180 күндік шектеу аяқталғаннан кейін газ айналымы бақылауға алынады. Оған қоса, заңнамаға қосымша өзгерістер енгізіледі.
Министрлік «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға түзетулер пакетін әзірледі. Бұл түзету бойынша Энергетика министрлігіне сұйытылған газдың бөлшек саудадағы шекті бағасын белгілеу құзыретін беру мәселесі қарастырылмақ. Тиісті түзетулер әзірленіп болған соң Парламент Мәжілісіне жолданады, - деп атап өтті Ақшолақов.
Министр газдың бағасына әсер ететін тағы бір маңызды мәселені ерекше атап өтті. Бүгінде көгілдір отынды елден шығару әрекеті тыйылмай отыр. Соның салдарынан тапшылық туындап, баға көтеріледі. Осыған байланысты бірқатар шараларды іске асыру жоспарланған.
Атап айтқанда, сұйытылған газды міндетті түрде тасымалдау жолқұжаты алынатын тауарлар тізіміне енгізу ұсынылды. Оны сататын жанар-жағармай станциялардың кассалық чектерді беру міндеті де күшейтіледі. Ал министрлік сол чектерді беру базасына кіріп, газдың айналымын бақылайды деген жоспар бар.