Президенттің AMANAT партиясынан шығу туралы шешімі үлкен жаңалық болды – Ерлан Қарин
Amanat партиясының біріккен съезі өтіп, оған Adal партиясының қосылуы бекітілді. Мұның жалғасы билеуші партияның сайлау базасының кеңеюі және реформалар бағыты төңірегінде одан әрі қоғамдық бірігу болады. Жалпы, бұл шара наурызда басталған Amanat партиясы трансформациясының логикасына сәйкес келеді.
Сөзсіз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығын тоқтатып, Amanat партиясынан шығу туралы шешімі үлкен жаңалық болды. Сонымен қатар, Amanat бұрынғысынша президенттік реформалар бағытын жақтаушыларды шоғырландыратын ядро болып қала береді, – деп жазды Е. Қарин Telegram-арнасында.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысы қаңтарда партия төрағасы қызметіне кіріскен кезде бұл қызметті уақытша, жылдың аяғына дейін қабылдайтынын мәлімдегенін еске салды.
Саяси уәде орындалды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы наурыздағы Жолдауында ел Президенті өз өкілетін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияның мүшесі болмауы керек деген норманы Конституцияға бекітуді ұсынды. Осылайша, Президент Конституцияға өзгерістер енгізуді күтпей-ақ, өзі бастаған саяси реформаларды іс жүзінде жүзеге асыруға кірісті, – деді Мемлекеттік хатшы.