00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«90 шақырым жолды бір тәулік жүрдік»: Украинадан елге оралған қазақстандықтар әсерлерімен бөлісті

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«90 шақырым жолды бір тәулік жүрдік»: Украинадан елге оралған қазақстандықтар әсерлерімен бөлісті
ашық дереккөз

Елорда әуежайына жақындарын күтіп алуға келген адам қарасы аз болған жоқ. Астананың халықаралық әуежайына «Air Astana» әуе компаниясының екінші эвакуациялық ұшағы қонған бетте туған-туыс, жора-жолдастарын көруге асығып, тағатсыздана күткен тұрғындар мазасыз күй кешкендей әсер қалдырды.

Польшаның Катовице қаласынан Атырауға аялдап, одан кейін ел астанасына жеткен 120 ересек адам мен 4 бала жақындарын көруге асығып, жан-жағына алақ-жұлақ қарап қояды. Елге аман-есен жеткендеріне қуанғандай… Бір-бірімен қапсыра құшақтасып, амандық білісіп жатты. Кей жолаушыны сөзге тартқанымызда, сөйлесуге ыңғай білдірмеді. Оларды да түсінуге тырыстық, әрине. Оқ пен оттың ортасынан сытылып шығып, туған елге оралу оңай емес. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің жүйелі жұмысының арқасында елге аман-есен жетіп отыр. Біз әңгімеге тартқан өзге жолаушылар бұл ойымызды қуаттай түсті.  

Бізге елшіліктің қызметкерлері көп көмек көрсетті. Львов қаласынан Польшаның шекарасына дейін 90 шақырым жолды бір тәулікте өттік. Кейбір отандастарымыз 3-4 тәулік жүргендер де бар, – деді жолаушылардың бірі Жанар Қадырбекова.

Ал тағы бір қазақстандық Аслан Хастаев Украинадағы басынан өткен жағдайды баяндап берді.

Украинаға жұмыс бабымен барғанмын. Өзім Шу қаласында тұрамын. Украиндар – өте қонақжай халық, қиын сәтте қолдау көрсетті. Бізді аман-сау елге әкелген Үкіметке алғыс. Украина шекарасында 30 автобус адам, екі күн бойы шекара кезегінде тұрдық. Мен Днепропетровск қаласында болдым, ол жерден Львовқа жеттім. Одан әрі бізді елшілік өкілдері автобуспен жеткізді, - дейді тағы бір жолаушы Аслан Хастаев.

Айта кетейік, еліміздің Сыртқы істер министрлігі қазақстандық азаматтарды Украинадан отанына қайтару жұмысын жалғастырып жатыр.

Бұған дейін Украина шекарасынан өтіп Польшаға жеткен, 124 Қазақстан азаматының елге ұшып келе жатқанын хабарлаған едік.

Еске сала кетейік, Украинадағы қазақстандықтардың алғашқы легі кеше Алматыға келген болатын.