Мәжілісте «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы құрылды
Қаңтардың 11-де Президент Парламент Мәжілісінің және кешегі Үкіметтің отырысында елімізде атқарылатын біраз маңызды мәселелерді айқындап, нақты міндеттер қойды. Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынаста трансформацияның қажеттілігі туындағанын және «Жаңа Қазақстанды» құру туралы қайта-қайта айтып жүр. Мұндай кешенді трансформация ең алдымен Парламент қызметінде орын алып, Мәжіліс қабырғасынан басталуы шарт! Сондықтан Парламенттің төменгі палатасындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп және Президенттің тапсырмаларын Мәжіліс депутаттары тарапынан қадағалау мақсатында «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топтың құрылғанын ресми түрде жариялаймыз, - деді Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дер кезінде Парламент төрінде көтеріп, тұрғындардың мұң-мұқтажын уақытында шешуге қызмет етеді.
Үкіметпен бірлесіп халықтың руханиятын күшейтетін, әл-ауқатын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі. «Жаңа Қазақстан» депутаттық топтың қоғамдағы барлық белсенді саяси партиялармен, наразы топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен қоян-қолтық қызмет жасауға ынталы және дайын екенін мәлім етеміз, - деп атап көрсетті топ өкілі.
Депутаттық топқа 31 депутат енді.
Олар: Е.Н.Абаканов, К.Б.Абасов, С.Ж.Адамбаев, Т.С.Адамбеков, Б.Әбдіғалиұлы, Ғ.М.Әміреев, Ж.С.Әшімжанов, Е.С.Бейсенбаев, Г.Қ.Бижанова, Н.Г.Дементьева, Б.С.Дүйсенбинов, Ғ.А.Елеуов, Д.М.Еспаева, Е.Т.Жаңбыршин, С.В.Имашева, А.Т.Қожахметов, Ғ.З.Құлахметов, А.С.Құспан, С.Б.Мұсабаев, С.Ж.Нақпаев, Қ.І.Нұр, Е.Б.Саиров, А.А.Сарым, А.А.Ысқақова, Е.В.Смайылов, И.В.Смирнова, Ж.Д.Сүлейменова, Ғ.Ә.Ташқараев, З.Б.Сүлейменова, Д.Н.Тұрғанов мен А.М.Хамедов.