Берік Әбдіғалиұлы: Қазақ тілінің өз мәртебесіне сай болмауында орыс тілінің кінәсі жоқ
– Берік Әбдіғалиұлы, Тәуелсіздік күні қарсаңында егемендік туралы әңгіме құрсақ, қазіргі таңда қоғамда мынандай пікір бар: «Қазақстан шынайы тәуелсіздікке қол жеткізе алмай жүр» деген. Бұл – көршілес алпауыт мемлекеттердің, әсіресе, Ресейдің ықпалынан шыға алмай жүрміз дегенді білдіреді. Осы пікірмен келісесіз бе?
– Осыдан 30 жыл бұрын шын мәнінде тәуелсіздікті Кеңес одағынан, соның ішінде Ресейдің ықпалынан алу негізгі мақсат болды. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев көпвекторлық саясатын ұстанды. Сәйкесінше, барлық мемлекетпен тең құқылы саясатты ұстау негізгі мақсат болды. Мәселен, Қытай, АҚШ, Иран және Еуропа елдерімен бірдей саясат жүргізгіміз келді. Алайда тарихи және геосаяси тұрғыдан көршіміз Ресей болғандықтан экономикалық байланысымыз өте тығыз жүрді. Бастапқыда Қытай, Иран және Кавказ елдері арқылы мұнай тасымалын жүргізгіміз келді. Бірақ бәрібір Ресейдің ықпалы басым екенін айтуымыз керек. Соңғы жылдары құрылған Еуразиялық кеңес пен Кедендік одақ Ресейдің Беларусияға, Қазақстанға, Қырғызстанға, Арменияға саяси-экономикалық ықпалын одан сайын күшейтіп жіберді.
Экономиканы айтпаған кезде, біз Ресейдің ақпараттық саясатының да ықпалынан шыға алмай жүрміз. Оны мойындауымыз керек. Тұрғындарымыз, кішкентай бүлдіршіндеріміз көбіне Ресейдің телеарналары мен мультфильмдерін көреді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Кавказ елдері, Орталық Азиядағы көршілес елдер Ресейдің ақпараттық ықпалынан шыға алды. Керек десеңіз балаларға арналған ресейлік мультфильмдерді өз тілдеріне аударып алды. Ал елімізде бұл бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмеді. Дегенмен қазір Үкімет «Nickelodeon», «TiJi» телеарналарының мультфильмдерін мемлекеттік тілге аударайын деп жатыр. Бұл дегеніміз – біздің балалар өздері сүйіп көретін туындыларды енді қазақ тілінде көруге мүмкіндік алады. Қателеспесем бұл мақсатқа 800 млн теңге қарастырылған, ол Парламентте бекітілді. Сенат мақұлдағаннан кейін аталған арналар қазақ тіліне аударыла бастайды.
Бұдан бөлек, тіл жағынан да ықпалына қайтадан түсіп бара жатқандаймыз. Бұл біздің қоғамдағы орыс тілінің дамуы емес. Тұрғындарымыздың басым бөлігі әлі күнге дейін Ресей телеарналарына тәуелділігін көрсетеді. Мәселен, балаларымыз «Балапан» арнасының туындыларын емес, керісінше «Маша и медведь» сынды орыс тіліндегі мульфильмдер мен ойындар көргенді ұнатады. Көпшілік тілі енді шығып келе жатқан балаға гаджетті ұстата салады. Ал олардағы контенттердің басым бөлігі орыс тілінде емес пе?! Сондай бала орысша сөйлеп шыға келгенде, артынан ата-анасы баласымен түсінісуі үшін орысша сөйлей кетеді. Кеше көшедегі көрген жағдай: әжесі немересін қолынан ертіп келе жатып, орысша бір нәрсені түсіндіріп келеді, екеуі де қазақ түрлеріне қарасам. Әрине, егер сол құрылғы «баланың тәрбиешісі» болғандықтан баланың тілі ана тілінде емес, орыс тілінде шығады. Бұл тек қалаларда ғана кездесетін мәселе десеңіз, қателесесіз. Алыс шалғайдағы ауылдарда да кездесетін мәселе. Ата-анасы таза қазақша сөйлегенімен, баласының орысша сайрап жүрген отбасыларды көріп жүрміз. Біздің қоғамда ондай мысалдар көп. Мұны Ресей арнайы жасап жатқан жоқ. Бұл – өзіміздің қателігіміз.
Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Біз кейде «Мәскеу әдейі істеп жатыр, тілімізді дамытуға кедергі жасауда» деп Ресейді айыптағымыз келеді. Бірақ олар жаңалықты біз үшін жазып жатқан жоқ, телехикаяларын да біз үшін түсіріп жатқан жоқ. Өздері үшін жасап жатыр. Ал біз соған тәуелдіміз. Өйткені, біздің тауарларымыз бәсекеге сай емес. Технологиялық тұрғыдан да теңесе алмаймыз. Елімізде бұл бағытта бірқатар жұмыс жасалып жатыр, десе де бәсекеге сай емес. Жалпы, қазақ тілінің өз мәртебесіне сай болмауында орыс тілінің немесе Ресейдің кінәсі жоқ. Кінә өзімізде, ал оны мойындамау – жауапкершіліктен қашқанымыздың көрінісі. Бұл мәселеде бізге намыс пен табандылық жетпейді...
– Қазақстан егемендік алғалы бері ақпараттық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түспей келе жатыр. Жасыратыны жоқ, ресми деректерге сүйенсек, көршіміздің қазақстандық БАҚ-қа ықпалы бар. Осы жағдайдың егемендігімізге қандай қауіп-қатері бар деп ойлайсыз?
– Оның қаупі неде? Бізде көбіне бүкіл әлемде болып жатқан процесті сол мемлекеттің көзқарасымен қарау бар. Былай қарасаңыз, ол бірден білінбеуі мүмкін. Таңертеңнен кешке дейін өз жаңалықтарында Украинаға байланысты сыни ақпараттар беріп жатады. Ал бізде олай емес. Бірақ сол Ресейдің ақпарат құралдары арқылы жарияланған сыни жаңалықтар арқылы азаматтардың көзқарасын қалыптастырып, санасына сіңе береді.
Жалпы, еліміздегі ақпараттық саясатқа сәйкес, бейтарап позицияны ұстанамыз. Ішкі саясаттағы концепция да солай. Дегенмен көрші елдің медиа кеңістігінде бізге қатысты сыни жаңалықтар жариялай бастады. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндерге ксенофобиялық көзқарас бар екенін айтқан еді. Бұл «Қазақстанда орыс тілі мәселесі шиеленісіп келе жатыр ма?» - деген үрей туғызуы мүмкін.
Осы ретте, тұрғындарымыз тәуелсіз ақпараттарды көбірек қараса екен деймін. Аналитикалық мақалаларымыз бен кино туындыларымыз бәсекеге сай болса, ел тұрғындары шетел арналарын көрмес еді. Сондықтан да әлемдік стандартқа сәйкес келетін ақпараттарымызды шығара білуіміз керек. Ал оған көп қаражат қажет. Ресей билігі ақпараттық саланы дамытуға қыруар қаражат жұмсайды, яғни 2021 жылы біздің теңгемен шаққанда 600 млрд 649 млн бөлінген. Ал Қазақстанда 2021 жылы ақпараттық саясатты жүргізу үшін бюджеттен 53 млрд теңге бөлінді. Өздеріңіз білетіндей, бізде «LRT» сынды жобаларға бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлінеді де, керісінше, ақпарат саласына қажетті қаржы бөлінбейді. Ал идеологиялық, ақпараттық жұмыс, бәлкім, бірден көрінбесе де, оны бірден бағалау да қиын, бірақ өз жемісін міндетті түрде беретін маңызды жұмыс.
– Осы ретте кейбір отандастарымыз Ресей бізге қарсы ақпараттық басқыншылық, тіпті гибриттік соғыс жүргізіп жатыр деген пікірде. Бұл мәселеге қатысты сіздің ойыңыз қандай?
– Мен бұл пікірмен келіспеймін. Неге десеңіз, Ресей ақпараттық соғыс жасап жатса, біздің оған төтеп беруіміз де қиын. Бірақ ондай сипаттағы 2-3 сюжет байқалды. Біріншісін сайлау кезінде көрдік. Екіншіден, Ресейдегі кейбір саяси топтарға біздің тарихымызды түгендеп, Түркі мемлекеттерімен одақ құрғанымыз ұнамайды. Олар «Қазақстан Украина жолымен кетіп бара жатыр» дегенді жиі айтуда. Сол жолдан бізді қайтарғылары келеді. Ресей саясаткерлерінің айтуынша, қазір АҚШ Ресейге қарсы «антиресей» жобасын бастап жатыр дегенді айтып жүр. Бізде ондай пиғыл жоқ. Оның ішіне мені де қосып қойған. Менің мақсатым – ешкімнің тілін шектемей, өз тілімізді көтеріп, тарихымызды түгендеу. Бірақ соны олар Ресей ықпалын шектеуге бағытталған шара деп қабылдап, ақпараттық құралдар арқылы сондай түсінік қалыптастырып отыр. Оны да түсінуге болады. Мен «біз Ресейден өзінің тілі мен тарихын қорғауды үйренуіміз керек» дегенді жиі айтып жүрмін. Қарап отырсаңыз, олар да ұлттық мүддесі үшін күреседі. Бізде де өз елімізге сай ұлттық мүдделер бар.
Өкінішке қарай, бізде ондай күрес жоқ. «Қойыңдар» десе, қоя саламыз. Бұрынғыдай үрей бар сияқты. Әйтпесе «бұға берсең - сұға береді» демекші, олармен аргумент арқылы айтысып, өз позициямызды қорғауымыз керек. Әрине, айқайласып немесе төбелесудің керегі жоқ. Өз тарихымыз бен мәдениетімізді түсіндіріп, қорғай алуымыз керек. Сондықтан бұл жақсы жолға қойылған жүйелі жұмыс болуы керек. Сондай қасиеттерімізді дамытуымыз қажет деп ойлаймын.
Өткендегі Қуат Ахметовтың әрекеті Ресейге қарсы бағытталған шара емес. Ол қазақ тілінің мәселесін көтеріп жүрген азамат. Қазақстандағы әр азамат мектеп деңгейінде қазақ тілін білуі керек. Оны талап ету қылмыс па? Жоқ! Қуат Ахметовтың әрекетін олар «Ресейге қарсы әрекет» деді. Біз сол кезде ол позицияны қорғай алмадық. Бәлкім, мұндай жағдайдың алдын алу үшін ресейліктермен де жиі кездесу керек шығар. Қазақстандағы тіл ахуалы бойынша ресейліктерді де, ғалымдарды да шақырып, сөйлесу керек.
– Қалай ойлайсыз, Қазақстанда, әсіресе, оның солтүстік өңірлерінде сепаратистік көңіл-күй туындауы мүмкін бе? «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, елімізде сепаратистік қозғалыстың пайда болуы ықтимал ма?
– Әрине, ондай пиғылдарды жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бар деп айта алмаймын. Өйткені, мұндай жағдай бұрын әртүрлі қозғалыстар түрінде Орал мен Өскемен қалаларында кездесті. Бірақ ол дер кезінде тоқтатылды. Мұндай сепаратистік пиғылдағы қозғалыстың болуы ешкімге де керек емес. Себебі, ондай қозғалыс ең алдымен қақтығысқа әкеледі. Ал оның соңы қантөгіспен аяқталатыны белгілі. Оны Украина мысалынан көруге болады. Мұндай қозғалыс қазаққа да, орысқа да, басқаға да керегі жоқ. Сондықтан бәріміз бірігіп, оны болдырмауға жұмыс істеп, ондай пиғылдың себебін де жоюымыз керек.
– Қарап отырсақ, тарихымыздың қай кезеңі болмасын бәрі де егемендік, ұлт болып қалу үшін күреспен өткен екен. Дегенмен, кейбір тарихтың парақшалары қоғамда ашық талқыланбайды. Осы тұста Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ең күрделі құбылыс, осы уақытқа дейін жарияланбай келген «Түркістан» легионы туралы айтсақ. Жалпы қоғамда осы легионда болған ата-бабамызға қандай қарым-қатынас болуы керек?
– «Түркістан» легионы Гитлердің жобасы болатын. Сол кезде тұтқынға түсіп қалған бауырларымыз 18-19-дан енді ғана асқан жас жігіттер еді. Олар командирлерінің қателігінен тұтқындалды. Көбі бұған дейін ауылдан шықпаған және орыс тілін білмеген еді. Ол жерде немістер отандастарымыздың сағын сындыру үшін түрлі әрекеттерге барды. Ішерге ас бермей, қинап, тұлғалық қасиеттерін жоғалтқысы келді. Адамды адам жейтіндей жағдайға жеткізіп, «ал енді сендерге тамақ пен киім беріп, аман алып қаламыз, есесіне бізге қызмет етесіңдер» деген талап қойды. Тұтқынға түскен азаматтардың бірқатары сол өлімнен аман қалу үшін жаңағы ұсынысты қабылдайды. Бірақ көбінің «мүмкіндік болған сәтте қайтадан қызыл жаққа өтіп кетеміз, ең бастысы, бізді майданға жіберсе болды» деген армандары болады. Сөйтіп, неміс әскерінің құрамында жүрсе де еліне қызмет етті.
Сол кезде тұтқынға түскен отандастарын аман алып қалу үшін Мұстафа Шоқай барын салып күресті. Ол ұлтты бөлмеді, өзбек болсын, қырғыз болсын көмектесуге тырысты. Бірақ бізде әлі күнге дейін Мұстафа Шоқайды «фашист» дейтін қазақтар аз емес.
Сондықтан оларды ақтау мәселесі көтерілді. Фашизмге қызмет еткендерді емес, жалпы «Түркістан» легионын біз Екінші дүниежүзілік соғысының нәтижесін қайта қарау мәселесі емес, осы азаматтар аман қалып, кейін өзінің кінәсі болса, соны көтеріп, өзіміз үшін ақтап алу идеясы тұрды. Жалпы, солардың тарихы мен тағдырын зерттеу керек. Олар неге ондай жағдайға барды? Соны білуіміз керек.
Бір ғана мысал келтірейін, татар ақыны Мұса Жәлелді білесіз ғой? Ол «Идел-Урал» деген татар-башқұрттардың легионында болған еді. Ол да соғыста тұтқынға түсіп, сол жерде қызмет етеді. Насихаттау бөлімінде жүргенімен, өлең жазуын жалғастырады. «Татар елім» деп, көптеген өлеңін өз еліне хат арқылы жолдай берген. Кейін оны 1947-1948 жылдары «халық жауы, сатқын» деп ату жазасына кеседі. Артынша жазған өлеңдері еліне жетіп, татар халқы Мәскеуге хат жазады. «Немістің құрамында болса да, өлгенше елін аңсап кетті, оларға қарсы болып, еліне қызмет етті», – деп Мұса Жәлелдің өлеңдерін дәлел ретінде жібереді. Сол кезде Александр Фадеев деген Жазушылар одағының мүшесі оны жақсы таниды екен. Кейін Мұса Жәлелге Кеңес Одағының батыры атағы беріледі. Міне, кеше ғана сатқын болған адам батыр болып шыға келеді.
Татарлар Мұса Жәлелдің жанында болып, бірге күрескен азаматтардың барлығына да ескерткіш орнатты. Бізде де сондай жағдай болды. Атылғанымен, ешкім олар туралы білмейді. Осы жөнінде КСРО Бас әскери прокурорының орынбасары Викторов «Казахстанская правда» газетінде мақала жариялаған. Онда елімізден шыққан Мұса Жәлел сияқты тағы да бір азамат болғаны айтылады. Ол – фашистердің ортасында қаза тапқан Бақыт Байжанов. Ол да қазақтардан құрылған әскерді қызыл жаққа ауыстыру үшін күреседі. Оның Астрахан қаласынан екені айтылады. Дегенмен, қанша іздесек те, ол туралы толық ақпаратты таппадық. Сол батыр шын есімін айтпай, лақап атын қалдыруы да мүмкін деп ойлаймын. Шын мәнінде сондай азаматтың болғаны халық арасында айтылады. Өз уақытында КСРО-ның әскери прокуратурасы сол кісіге лайық бағасын бергісі келіп, іздеді. Бірақ қазақтар іздемеді, зерттемеді. «Түркістан» легионына тұтқынға түскен осындай азаматтарымызды зерттемедік. Мұса Жәлелді дәріптей алмасақ та, сондай тұлғаларымыздың болғанын айтып, зерттеп, насихаттауымыз қажет.
– Өзіңіз айтқандай, қазақстандықтардың арасында ата-бабаларын зерттеу былай тұрсын, іздеу жоқ сияқты. Оның себебі неде?
– Біздің ата-бабаларымыздың көбі сотталып, жазаға тартылған. Сондықтан бізде зерттеуге, іздеуге келгенде үрей басымырақ. Жалпы, шежіре зерттеушілер бар. Дегенмен зерттеу жағы әлі де аз екенін мойындауымыз керек.
Архивте жұмыс істеп жүргенімде бір оқиға болды. Сонда полиция қызметкері легионда болған бір адамға қатысты қызық факті тапқанын айтқан еді. Қылмыстық істе сол азаматтың тұтқында жүріп жазған өлеңдері бар екен. Елін аңсаған ол жазасын өтегеннен кейін тұрмыс құрып, бала-шағасымен бірге Алматыда тұрыпты. Әлгі полицей архивтен табылған өлең жинақтарды сол кісінің ұрпақтарына көрсеткісі келген. Ұрпақтары қызығушылық танытады деп ойласа керек. Алайда ұрпақтары «бізге қызық емес, керегі жоқ» деп жауап берген екен.
Дұрыс айтасыз, бізде тарихқа қызығушылық төмен деңгейде. Біз тек мифологиялық тарихқа қызығамыз. «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы келетін «күшті әрі керемет халықпыз» деген ақпараттарға сеніп, риза боламыз. Ал шын мәнінде азаматтарымыз қасіретті тарихымызды білгілері келмейді. Көпшілік, тіпті, 30-жылдардағы ашаршылық кезінде әрбір отбасыда қанша адам қаза тапқанын да білмейді. Қанша адам репрессия құрбаны болды, қанша қазақ ұлт-азаттық көтерілістер барысында «банды» атанды. Осылардың бәрін білмейді. Мәселен, батыстағы 1927-1931 жылдары Аманғали Кенжеахметұлы, Құныскерей Қожахметұлы, Құрмаш сынды батырлар, шығыста Құндақпай Төлендиев, Әлібай мерген және басқа өңірлерде көптеген басқа да батырлар шықты. Сол кездің тарихи деректеріне сүйенсек, оның бәрі «қылмыскерлер» деп жазылады. Тәуелсіздігімізге 30 жыл толса да, құрбандарымызды әлі толық ақтай алмай келе жатырмыз. Сол батырларымыздың ерлігін білмейміз. Олардың ерлігі Кейкі батырдан кем түскен жоқ. Олар сол қызылдардың билігін мойындамай, қудалау басталған кезде батырлықтарын көрсетіп, қарсылық білдірген болатын.
– Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстан осы уақытқа дейін Ресейдің саяси және әскери одақтарының мүшесі екені белгілі. Жақында өзіңіз білетіндей, Түркі кеңесінің «Түркі мемлекеттері ұйымы» болып құрылуынан болашақта еліміздің саяси, экономикалық, мәдени мүдделерінің Түркітілдес мемлекеттер ұйымына қарай ауысуы мүмкін бе?
– Бізге ең жақыны – түркі мемлекеттері. Экономикалық тұрғыдан олар бізге қатты ықпал жасай алмаса да, рухани, мәдени жағынан ықпалы басым болады деп ойлаймын. Яғни, осы мүдделер бойынша Түркітілдес мемлекеттер ұйымына қарай ауысуымыз мүмкін. Бірақ солтүстіктегі көршіміздің тарапынан оған қарсылық боларын да айта кету керек. Ресей билігі ауысқанымен, олар бұл бағыттан бас тартпайды. Егер ертең керемет демократ Алексей Навальныйдың өзі билікке келген күннің өзінде де, олар осы саясатты жүргізеді. Өйткені, Ресей әрқашан өз ықпалын күшейтуді көздейді, ол – оның табиғаты.
Біз қазір Түркі одағымен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл, әрине, Ресейге ұнамайды. Былайша айтқанда, олар қызғанышпен қарайды. Бұл шынында да алаңдатушылық тудырды. Оны мойындау керек. Қазір Әзербайжан Ресей ықпалынан шығып жатыр. Әзербайжанның Қарабахтағы жеңісі, бұл – Түркияның да жеңісі. Себебі, Түркия енді Әзербайжанның мұнайын тікелей тартуға мүмкіндік алды. Бұрын олар Қарабахтағы шекарадан өте алмай жүрген еді. Қазір олар түркімен газын да өзіне тартқысы келіп жатыр. Яғни, Әзербайжан, Түркмения өзінің ықпалын осы елде күшейтіп жатыр десек болады.
Тағы да мысал айта кетсем, Өзбекстан да Түркияға бет бұрып, соған жақындап жатыр. Енді екі жаққа да тиімді болып отыр. Сондықтан Түрік одағының негізгісі қазір Түркия, Әзербайжан, Түркмения, Өзбекстанмен өте жақсы дамуы мүмкін. Біз соған тырысамыз. Аталған елдерде Ресей өз ықпалын жоғалтып жатыр. Ол елдерде ықпалын жоғалтып жатқандықтан, керісінше, бізге ықпалын күшейтуде. Сондай бір геосаяси ойын болып кетті.
– Ресей экономикалық одақ арқылы саяси ықпалын арттырғысы келеді. Сол мақсатта Еуразиялық одақ сынды ұйымдарды құрады ғой?
– Түбінде бәрі сол экономикадан басталады. Жалпы, Еуропалық кеңестің өзі сол экономикалық, тіпті мынау металл өндірушілердің одағынан басталған. Сөйтіп, қазір ұйымға айналды. Бұл одақ бойынша теңқұқылы болуы керек еді. Алайда, тәжірибеден көріп отырғанымыздай, Ресейдің ықпалы үлкен, өйткені, оның экономикалық потенциалы жоғары.
Біздің алдымызда Ресеймен интеграцияның екі сценарийі тұр. Бірінші жолы – Беларусия сияқты экономикалық тұрғыдан жақындасу. Қазір екі ел арасында ортақ валюта да енгізуі мүмкін. Яғни, олар бір мемлекетке жақындап қалды. Екінші жолы – Украина. Ол керісінше, қақтығыс жолын таңдады. Радикалды әрекетке барған украин саясаткерінің өз кінәсі де бар. Тіл, мәдениет саласында радикалды реформаға бармау керек еді. Орыс тілін шектейміз деп, сылтау берді, артынша осы жағдайды басқалар қолданып кетті. Бүкіл орыстілділер бөлек мемлекет болып, Ресейдің қолдауымен Қырым Ресейге қосылып кетті. Былай қарасаңыз, бұлар ең жақын мемлекеттер еді ғой. Осы екі сценарийді де болдырмауымыз қажет. Сондықтан біз өз жолымызды табуымыз керек. Украина сияқты Еуропаға интеграцияға бара алмаймыз. Біздің мүмкіншілігіміз Түркітілдес мемлекеттердің интеграциясы, бірақ оның ықпалы еуропаныкі секілді мықты емес. Енді ғана қалыптасып келе жатыр ғой. Бізде, ең бастысы, өз мүддемізді сақтай отырып, интеграция орнату. Сол үшін біздің кешегі Кедендік одақ пен Еуразиялық одақтағы экономикалық мүдделерімізді қорғауда белсенді болуымыз керек. Сондай-ақ руханият саласында, әсіресе, тілді қорғауда белсенділік таныту қажет.
– Осы құндылықтар мен мүдделерді қалай қорғай аламыз? Бұл бағытта не істеуіміз керек?
– Тіліміз бен дініміз бізді бұрыннан бері қорғап келе жатыр. Екі жүз жылдай Ресей империясының ықпалында болсақ та, бізді ұлт ретінде аман сақтап қалған тіліміз бен дініміз. Тіпті, экономикамыз құлдырап, халық ашаршылықтан қырылған кездерде де тіліміз, дініміз, дәстүріміз арқылы аман қалдық. Жаһандану заманында да бізді аман алып қалатын қалқан осылар.
Осы ретте, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сол қалқандарымыздың бірі еді. Өкінішке қарай, ол қазір көп айтылмайды. Жаһандану заманына руханиятымыздың мықтылығымен ғана төтеп бере аламыз. Қазақ тілін білмейтін, қазақ мәдениеті мен тарихына қызықпайтын ұрпақ өсіп келе жатса, экономиканың мықтылығынан не қайыр?! Оның бәрінің керегі қанша?!
Маған Елбасының «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары ұнады. Мен осы бағдарламаны қалқан ретінде қабылдадым. Олардың идеологиялық салада тәрбиелік маңызы өте жоғары. Нағыз қалқандар осылар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы қабылданды. Осы жобалар арқылы ұлттық мүддені ойлайтын азаматтар ер жетеді, кейін олар экономиканы көтеріп, мемлекетке, ұлт мүддесіне қызмет ететін болады.
– Берік Әбдіғалиұлы, ашық және шынайы сұхбатыңыз үшін алғысымызды білдіреміз!
Назерке Еркінқызы