«Ресей ЕАЭО арқылы саяси басымдыққа ие болғысы келеді» - Рахимбек Абдрахманов
– Қайырлы күн, Рахимбек! Жалпы, экономикалық одақтар не үшін құрылады?
– Экономикалық одақтың құрылу мақсаты әр мемлекетте әртүрлі. Бір елдер үшін мұндай бірігу – технологиялық тәжірибе мен инвестиция алмасу, тауар өткізу аясын кеңейту болып саналса, ал енді бір мемлекеттер үшін экономикалық басымдық арқылы біртіндеп саяси басымдыққа ие болу. ЕАЭО мысалына немесе Кедендік одаққа келер болсақ, экономикалық қатынастарда құқықтық жағдайлардың тең еместігін байқап отырмыз. Яғни, бір елдің (Қазақстан) адал ниеті болса, енді бірінің ондай ниеті жоқ. Біз ұлттық шикізат тауар өндірушілері үшін нарықты өткізуді кеңейтеміз деп үлкен үміт арттық, көптеген ресейлік компаниялар заңнаманы өзгертуді қалап, салықты бізде төлейді деп ойладық. Себебі біздегі салық жағдайлары тартымдырақ болды. Бірақ бұлардың бәрі орындалмады. Бұған қоса, қазір Ресей қазақстандық дайын тауарларды Ресей нарығының «сөрелеріне» өткізбеу үшін барлығын жасап жатыр деп сеніммен айта аламын. Осы мақсатта серіктесіміз тарифтік емес реттеудің үлкен әдістерін қолданып отыр. Осылайша, олар қазақстандық тауар өндірушілердің жолына тосқауыл қойып отыр деуге болады.
– Сөзіңіз дәлелді болсын, осы жөнінде нақты мысалдар келтіре аласыз ба?
– Мәселен, Ресейде локомотив парктерінің 80-90 пайызының тозығы жеткеніне қарамастан, Қазақстан темір жолы өндіретін Evolution тепловозы ресейлік нарыққа кіре алмады. Соның салдарынан біздің алпауыт технологиялық жобамыз іске аспай қалды. Сол жобаның қаржылық-экономикалық моделін құру кезінде ҚТЖ-ның инвестициялық-сараптамалық жұмысына қатысқан болатынмын. Айтарым, бұл жоба әуел бастан өз тауарын Ресейге экспорттауға үлкен мән берген еді. Дегенмен бұл арман орындалмады. Тағы бір мысал, 2019 жылы болған «Россельхознадзор» ресейлік нарықтан қазақстандық компания «Зенченко и К» компаниясын қалай ығыстырып тастағанын өздеріңіз білесіздер. Ойдан шығарылған түрлі сылтаулармен қаншама тауар жүгі Қазақстанға кері қайтарылған болатын. Сондықтан экономикалық одақта әр мемлекеттің мақсат-мүдделері әртүрлі болып келеді.
– Саяси-экономикалық бақылаушы ретінде ел экономикасы мен әлеуметтің әл-ауқатын көтеру үшін Қазақстанның қандай мемлекеттермен ынтымақтастық орнатқаны дұрыс деп ойлайсыз?
– Меніңше, қазіргі Қазақстан жүргізіп отырған экономикалық саясатпен ешқандай одақ тиімді болады деп айта алмаймын. Себебі ішкі іскерлік жағдай тұрғысынан алғанда бизнес пен экспортшыларды қолдауға, шетел инвесторыларына инвестициялық климат құруға әлсіз болып отырмыз. Технологиялық тұрғыдан көшбасшы елдермен одақтасып, экономикалық дивидендтер әкелу үшін оларда бар артықшылықтарды қабылдау қажет. Дамыған елдерден артқа қалуды тоқтату үшін бізге екі нәрсе керек. Біріншіден, білім мен дағды, екіншіден, жоғары технология қажет. Қазіргі әлемде мұндай жетістіктерді еш мемлекет бірден бөлісе салмайды. Сол үшін оны өзіміздің шығаруымыз өте маңызды. Себебі бір кездері Қытай, Жапония, Тайвань, Оңтүстік Корея мемлекеттері сондай қадамдарға барған еді. Өндірістік тыңшылық жасап, әлемдік деңгейдегі мықты мамандарды тартып, кадрларды әлемдік стандартқа сай квалификациялады. Мұның барлығы технологиялық көтерілу арқылы экономикалық жетістікке бастайды.
Осы жерде айта кететін маңызды мәселе, Халықаралық Банк есептейтін Worlwide Governance Indicator-ға сәйкес, қазақстандық мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру деңгейі 30 пайызды құрайды. Сол себепті біз Оңтүстік Кореяда сәтті жүзеге асып жатқан экономикалық саясатты жүзеге асыра алмаймыз. Ағымдағы экономикалық саясатпен және отандық кәсіпорындардың мүдделерін сыртқы нарықта қорғай алмай, сондай-ақ ішкі нарықта тиімді қолдаумен қамтамасыз етпей отырып, өзге елдермен ықтымақтасу тек қарама-қайшы жағдайларға әкеледі.
– Бұл дегеніміз мемлекеттік аппараттың кәсібилігі 30 пайыз деген сөз бе? Сонда оларға білім мен дағдылар жетіспейді дегіңіз келіп тұр ғой?
– Халықаралық Банк бекіткен Worlwide Governance Indicator деген өлшем бар. Ол бойынша әлем елдеріндегі мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен сапасы өлшенеді. Сол рейтингте мемлекет қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатыр, соны анықтайды. Мәселен сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, заң шығару жүйесінің сапасы, саяси шешім қабылдауда халықтың пікірі ескеріле ме? Міне, осындай факторлар бойынша есептейді. Соған сәйкес сіз егер осы кестені қарасаңыз, Қазақстан мемлекеттік басқару тиімділігі бойынша 100 пайыздың ішінде 14-тен 36 балл аралығында болып отыр. Біз бұл кестеде Эфиопия мен Моңғолияның арасында тұрмыз. Сол себепті мемлекеттік аппараттың кәсібилігі үлкен мәселе.
– «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» дегендей солтүстіктегі көршіміздің геосаяси тұрғыдан изоляциялануы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?
– Қазақстан үшін ЕАЭО өз-өзімізді кіргізген экономикалық «тор». Біздің сыртқы саудамыз көп жағдайда Кремльдің шешімдеріне байланысты. Онда қандай тарифтер енгізілетінінен бастап, ЕАЭО-да қандай мемлекеттерден қандай тауар түрлеріне шектеу қойыладыға дейін. Біз экономикалық дербестігімізден біртіндеп айырылып жатырмыз. Неге десеңіз, біздің мұнай өнімдеріміз 90 пайыз Ресей арқылы экспортталады. Егер ойланбай әрекет жасасақ, Ресей біздің шикізат экспортымызды жауып тастауы мүмкін.
Бұл дегеніміз, Ресей арқылы өтетін сырқы экономикалық қадамдарымызды Мәскеумен ақылдасып отыруымыз қажет деген сөз. Мен қазір Украинаның сауда-өндірістік палатасының Қазақстандағы уәкілетті өкілі ретінде Ресейдің біздің елдер арасындағы сауда байланысының дамуына кедергі келтіргісі келіп жатқанын өте жақсы көріп отырмын. Ресей сыртқы әлемнен оқшауланып, «геосаяси жалғыздықтың 100 жылы» режиміне кетсе, Қазақстанды да экономикалық және саяси изоляция күтіп тұр деп айтуға болады. Аталған одақ біздің тиімді сыртқы экономикалық байланыстарымызды бұзады. Яғни экспортшыларымыз сыртқы серіктестермізге тауарларын шығара алмады. Украинаға тасымалданатын қазақстандық көмір экспортына тосқауыл қойылды. Ол тікелей Ресей арқылы өтетін еді. Ал украиналық компаниялар болса, өз тауарларын Қазақстанға жеткізе алмай жатыр, ол да Ресей арқылы өтетін еді. Соңғы 7 жыл ішінде бұл мемлекетпен тауар айналымы 6 есе қысқарды, 2013 жылы 5 миллиард доллар болса, 2020 жылы 908 миллион долларды құрады. Бұл тек бастамасы ғана. Біз Ресейдің Қазақстан кіммен сауда жасайтынын өзі шешетін кезеңге келе жатырмыз.
– Жекеменшік құқығы тапталып, бизнестегі сыбайлас жемқорлық жағдайлары кездесіп отырады. Осы саланы дамытпай отырған қандай кедергілер мен проблемалар бар?
– Келеcі маңызды проблема – мемлекеттің жекеменшік базалық құқықтарын қамтамасыз ете алмауы. Рейдерлік басып алулар, өзгенің мүлкін иеленіп алу және құқық қорғау жүйесінің және соттың әділетсіздігі Қазақстан экономикасының дамуына теріс ықпалын тигізіп отыр. Салдарынан қазір экономикаға ақша құюға тек шетелдіктер емес, қазақстандықтардың өзі қорқып қалған. Адамдар үлкен зауытты жүргізуге қорқады. Себебі ол ісі жүріп кетсе, әлдекімдер келіп тартып алады деп қорқады. Мемлекет дәл қазір сіздің ұзақ жылдар бойы жинаған қорыңызды сақтауға, оны өзгенің алып қоймасына кепілдік бере алмайды. Бұл – шындық. Қазір қазақстандық кәсіпкерлер осымен күресіп жатыр.
– Соңғы кездері әлемдегі экономикалық ахуалдың нашарлауына байланысты, әсіресе АҚШ-тың Ресейге салған санкциясы бар, одан бөлек Еуразиялық экономикалық одаққа байланысты түрлі сыни пікірлер де кездеседі. Жалпы, осы одақтың Қазақстан үшін қандай пайдасы бар?
– Ресейдің Еуразиялық одақта тек экономикалық тұрғыдан емес, саяси тұрғыдан да басым болғысы келетіні әуел бастан байқалды. 2014 жылы Еуразиялық одақ келісім-шартына қол қоймастан бұрын Қазақстан тарапының ЕАЭО-ның саяси бағыттағы тұжырымдамасын алғаны туралы ақпарат тараған еді. Сол кезде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Самат Ордабаев «біз келісім-шартты саясиландырудан кеттік... Онда жалпы азаматтық, сыртқы саясат, парламентаралық ынтымақтастық, паспорттық-визалық сала, ортақ шекараны қорғау, экспорттық бақылау сынды мәселелер алынып тасталды» деген еді. Осы жерден-ақ Мәскеудің экономикалық одақты саясиландырғысы келетіні байқалған еді. Одан бөлек, Ресейдің Сыртқы істер министрі С. Лавровтың айтқанын еске түсірейік. Демек Қазақстан визасыз режим жөнінде немесе Ресейге қарсы қолданатын ойластырылған позицияға санкциялар жөнінде Ресеймен кеңесуі керек.
Біз Ресейдің Қазақстан арқылы бірыңғай саяси және ақпараттық кеңістік құрғысы келетінін, сондай-ақ біздің елімізді арзан шикізат жеткізуші елге және өздерінің дайын өнімдерін өткізетін нарық алаңы ретінде қарайтынын байқап отырмыз. Кедендік одақтың техникалық талаптары мен сыртқы сауданы реттеудің тарифті және тарифсіз әдістері қазір Қазақстанның халықаралық саудаға және технологиялық дамуына тосқауыл болып отырған жасанды барьер деуге де болады.
– Осы одаққа кірген уақыт аралығындағы жетістіктер немесе шығындарды айтып өтесіз бе?
– Егер ЕАЭО аясында сауда құрылымына қарайтын болсақ, бүгінде Қазақстанмен өзге елдердің тауар алмасуы – 40 пайыз. ЕАЭО-дағы тауар алмасудың 90 пайызын Ресей алып отыр. Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар алмасуы 12-14 миллиард долларды құрады. Өзара тауар алмасатын одақ бойынша Қазақстан тек импорт еліне айналып отыр. Олай дейтін себебім, ЕАЭО бойынша ел экспорты 2,3 пайыз ғана. Ал қалған 88 пайыз импорт, яғни ЕАЭО елдерінен дайын өнімдерді алады. Мәселен автокөлік, құрал-жабдықтар, құрылғылар мен аппараттар, металл өнімдері, киім-кешек, дәрі-дәрмек, химиялық өндіріс өнімдері, азық-түлік және т.б. Еліміз бұл одақ бойынша шикізат өнімдерін экспорттап отыр, яғни табиғи өнімдер, темір, бағалы және қара металлдар, органикалық емес химиялық өнімдер, астық өнімдерін сыртқа шығарады.
Кедендік одақта 10 жыл болсақ та осы одаққа кіретін елдермен Қазақстанның экспорт құрылымы өзгерген жоқ. Яғни ұлттық тауар өндірушілердің шикізаттық емес тауарлар нарығын кеңейту арманымыз орындалмады. Ал Қазақстанға Ресейдің импорты 30-дан 46 пайызға өсті. Экономикалық одақтың негізгі қорытындысы осы.
– Сіз «Как нации становятся брендами» кітабыңызда ірі бизнес – қоғамның игілігі, ол қоғамға пайда әкелуі тиіс, ешбір кәсіпорын қоғамдық және мемлекеттік ресурстарсыз экономикалық гигант бола алмайды дедіңіз. Осы тұрғыдан алғанда Сіз марксист емессіз бе?
– Марксист емеспін. Мемлекеттік ресурс – мемлекеттік капитализм емес, керісінше ол экспорт арақашықтығын сақтай отырып, нарықтағы жасампаз ойын ережесін құрып, қолдау қажет. Қоғамдық ресурс – қоғамның өз кәсіпкерлерін қолдауы. Мәселен, ХХ ғасырдың басында жапон халқы өз кәсіпкерлерін қолдау үшін сапасы шетел тауарынан нашар болса да тек жапон елінен шыққан тауарларды ғана сатып алды. Осыдан отандық өндірушілерді қолдау Жапонияда ұлттық идея дәрежесіне дейін көтерілді.
Ал кітапта мен технологиялық тұрғыдан ірі бизнесті айтқанмын. Бұл шикізат шығаратын немесе сервистік қызмет (энергетика, сауда, қаржы) бойынша бизнеспен айналысатын компанияларға қатысты айтылмаған. Бұл жерде айтқым келгені, жаңа технологияны түрлендіріп шығарып, сол жоғары сапалы технологияны экспортқа бағыттаса, жақсы өзгерістерге қол жеткізуге болады. Тек сондай технологиялық тұрғыдан алпауыт компаниялар ғана қазір Қазақстанда қол жеткізе алмай жатқан экономикалық өсімді қамтамасыз ете алады.
Біз мұнай бағасының төмендеуімен экономикамыздың 2 есе әлсірегенін көрдік. Нақтырақ айтсам, 2013 жылы 243 миллиард доллар болса, 2016 жылы 137 миллиард долларға азайды. Неге бұлай болды? Өйткені, біздің экономикада сапа жоқ, тек шикізатқа тәуелдіміз. Мұнай экспорты ғана бар. Ал іргетасы берік, мықты үлкен компаниялар жоқ. Технологиялық тұрғыдан мықты болып, экономикалық қуатты елге айналғымыз келсе, өзіміз смартфон, автокөлік, техникаларды өндіре алатын ел болуымыз қажет. Сонда ғана мұнайға деген тәуелділіктен арыламыз.
– Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенімізге көп уақыт болған жоқ. Десе де белгілі бір қорытынды жасайтындай уақыт келді. Жалпы, бұл ұйым халықаралық сауда стандарттарының регламенттеріне сәйкес келмейді, қатысушы-мемлекеттердің мүддесіне жауап бермейді дейді. Осы ұйым бізге не берді?
– Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргендегі бастапқы мақсатымыз орындалды ма, жоқ па, мұны әр жылы жасалған экспорт көлеміне қарап, білуге болады. Біз экспорттайтын шикізаттың 2 пайызы ғана жоғары өңделген түрде шығып отыр. Яғни осы ұйымға кіргенде жоғары өңделген экспорт көлемі тек 2 пайыз күйінде қалды. Ол арқылы экспорттың «отырып қалғанын», прогрестің болмай жатқанын анық көруге болады.
Басқа да экспортқа бағытталған позициялар: табиғи өнімдер – 66 пайыз, металлдар – 16 пайыз, ауыл шаруашылық өнімдері – 7 пайыз, химиялық жартылай дайын өнім – 6 пайыз. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі бері біздің экспорт құрылымымыз жағымды өзгерістер әкелмеді.
Егер экспорт құрылымы бұрынғыша қалса, Қазақстан экспорттайтын тауар түрлерінің 90 пайызын бұрынғыша шикізат құраса, бұл ұйымға кірудің қажеті бар ма еді? Жауап: жоқ. Неге десеңіз, шикізат тауарларын шетелдік серіктестер осы ұйымға кірмесек те алар еді, бізге ыңғайлы бағада. Сосын сол шикізатты сатып алып, одан телефон, автокөлік, құрал-жабдықтар жасап, өзімізге кері 10 есе қымбат бағада сатады. Осы қымбат бағалардың бәрі шетелдік серіктестеріміздің үлесіне кетеді. Біз тұтынатын дайын өнімдердің 80-90 пайызы импорт екенін ескерсек, бұл біздің әлеуметтік-экономикалық және технологиялық переферияны анықтайды.
– Соңғы сұрақ, қандай экономикалық теорияны даулы деп есептейсіз?
– Нарықтың либерализациялану теориясын даулы теория деп санаймын. Бұл туралы кітабымда жазғанмын. Мәселен Қытайға қараңыз, ол Дүниежүзілік сауда ұйымына өздерінің компаниялары шетелдік дүкендерге кіре бастаған кезде ғана кіру керек екенін түсінді. Қазір шетелдік компанияларға сыртқы саудада жеңілдіктер жасап, шектеулерді алып тастасақ, біз мәңгі шикізат өндіруші мемлекет болып қаламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Назерке Еркінқызы