Еуропа елдері «Facebook»-ке қатысты жаңа заң қабылдайды
Еуропадан тіркелген 450 млн қолданушы «Facebook» компаниясына жылына 20 млрд АҚШ доллары көлемінде пайда түсіреді. Бұл – компанияның жылдық табысының ширегі. Ал бұл аймақ технологиялық компанияларға қатысты қатал шараларымен танымал. Бұған дейін де Кремний алқабының бірқатар мекемесіне монополияға қарсы заңды бұзғаны, жеке ақпараттарға қол сұққаны үшін айыппұл салып, жаза қолданылған.
Брюссельдегі ресми тұлғалар «Facebook»-ті зиян контентпен қалай жұмыс істейтініне қатысты жүйелі түрде тәуелсіз тексеріс өткізуге мәжбүр ететін жаңа ережелер дайындап жатыр. Бұдан бөлек ережелер материалдарды қолданушыларға ұсынуға қатысты ерекше қорғалатын алгоритмдерін жариялауға міндеттейді. Берлин мен Лондон да осындай ереже дайындап жатыр деген сыбыс бар.
Мұнымен қоса Еуро Одақ цифрлы қызметтер туралы заңды қайта қарауға бел буған. Заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін технология компаниялары жеккөрініш пен араздық туғызатын заңсыз контентті дереу жоюға міндеттеледі. Бұдан бөлек заңды, бірақ саяси тұрғыдан қауіпті, мысалы елдегі сайлаудың әділ өтпегені сияқты контент те жойылып отыруы керек.
Бұл ережемен келіспеген жағдайда, жақында ғана атауы өзгерген алпауыт компанияға жылдық табысының 6 пайызына жуықтайтын ондаған миллиард АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады.