Ливанда қазақстандық бітімгерлердің кезекті ротациясы өтті
Жарты жыл бойы қазақстандық бітімгершілік контингенті жергілікті жерді патрульдеу, блок-бекеттерде қызмет атқару, базаны күзету міндеттерін орындады, сондай-ақ штабтағы миссияның шараларына қатысты.
Бітімгерлер майор Данияр Зәріповтың басшылығымен жүктелген міндеттерді лайықты деңгейде орындап шықты.
– Әскери қызметшілер өздеріне жүктелген жоғары жауапкершілікті толық сезіне білді, өйткені олар Қазақстанның Қарулы Күштерін ғана емес, сондай-ақ бүкіл елді БҰҰ қолдауымен әлемдік қоғамдастық алдында таныстырды. Жасақтың моральдық-психологиялық жай-күйі жоғары деңгейде, – деді командир.
Бітімгерлердің айтуынша, елді мекендер мен оларға іргелес аумақтарды күнделікті патрульдеу жауапкершілік аймағында жағдайдың қалыпты екенін көрсетеді.
Қазақстандық әскери қызметшілер Үнді бітімгершілік батальонының құрамында қызмет атқарады. Біздің әскери қызметшілердің кәсібилігін миссия қолбасшылығы, сондай-ақ бірлесіп патрульдеу жүргізетін Ливан Республикасы Қарулы Күштерінің өкілдері бірнеше рет атап өтті.