Жанарбек Әшімжан: Ұлттық бірегейлікті сақтау – ортақ міндет


Елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXXIV сессиясына қатысты Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев татулық пен бірліктен тігілген ұйымның қоғам тұрақтылығы, мемлекет тұтастығы жолындағы маңызына айрықша тоқталды. Өңірлерден республикамыздың байтағына жиналған делегация мүшелері де Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Ассамблея – мемлекеттігімізге арқау болған аса маңызды құрылым. Бұл – Ассамблеяға артылатын жүктің салмағы да жеңіл емес деген сөз. Ұлттық мүдделерімізді қорғап, егемендігімізді нығайту – қастерлі парыз. Мұны Ассамблея мүшелері терең сезінеді деп ойлаймын», - деген келелі ойымен келісіп, пікірлері бір арнада тоғысты», - деді депутат.
Ол алқалы жиында Мемлекет басшысының ел дамуы, қоғам тыныштығы, технологиялық прогресс, экономикалық өсім, әлеуметтің әлеуеті төңірегінде маңызды ойларын нақты мысалдармен баяндап бергенін тілге тиек етті.
«Президент елдің ынтымағы мен татулығы – тұрақты дамудың іргетасы екенін айтты. Мысалы, Абай облысында әртүрлі этнос өкілдері бірлесіп «Достық» ауылын көркейтуге атсалысып жатыр екен. Бұл ортақ мүдде жолындағы бірліктің айқын көрінісі деген сөз. Ассамблея – бейбітшілік пен келісімнің символы», - дейді мәжіліс депутаты.
Ол сондай-ақ ҚХА-ның ел дамуындағы үлесіне тоқталды.
«ҚХА мүшелері өңірлерде медиация орталықтары арқылы дау-дамайды бейбіт жолмен шешіп, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға үлес қосып жатыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Алматы облысындағы «Достық үйінде» жыл сайын 200-ден астам келісімге қол жеткізіледі екен», - деді депутат.
Сондай-ақ Жанарбек Әшімжанов жастарға артылар сенім көп екенін айтты.
«Ұлттық бірегейлікті сақтау – ортақ міндет. Президент өз сөзінде ұлттың рухани мұрасын дәріптеу маңызды екенін айтты. Бір ғана мысал Түркістанда этномәдени бірлестіктер ұлттық киім, салт-дәстүрді насихаттайтын фестиваль ұйымдастыруда күллі республикаға үлгі депсек те болады. Аталған игі бастама өзге өңірлерде де жүзеге асса тіпті жақсы. Жастарға артылар сенім көп. Жас буынның ғылым, білімге құштарлығын оятуда «Жастар Ассамблеясының» рөлі зор. Олардың түрлі жобаларға қатысып, волонтерлікпен айналысуына шарт-жағдай жасау қажет», - деді Мәжіліс депутаты.



