Мемлекет басшысы Shymkent City саябағын аралап көрді

11 сәуір, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Мемлекет басшысы Shymkent City саябағын аралап көрді
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Shymkent City шағын ауданына жақын маңдағы жаңа саябаққа барды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аумағы 20 гектардан асатын паркте сейілдеуге және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Субұрқақты жасанды тоған, амфитеатр, ландшафтты аллеялар, воркаут және скейт алаңдары бар.

Президент саябақ аумағына ағаш көшетін егіп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының маңызына тоқталды. Қоғамда, әсіресе, өскелең ұрпақ бойында қоршаған ортаға аялап қарау мәдениетін қалыптастыру қажет екенін айтты.

Қазіргі кезде Шымкентте адам басына шаққанда 4 шаршы метрге жуық жасыл желектен келеді екен. Экологиялық жағдайды жақсартып, қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру үшін алдағы жылдары 1 миллион түптен астам ағаш көшеті отырғызылмақ. Шаһардағы 12 саябақты абаттандыру, сондай-ақ гүлзарларды, Қошқар ата өзенінің жағалауы мен арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрынғы қоқыс полигонының орнында Экопарк құрылысы қолға алынды.

Бұдан бөлек, Президентке қытайлық Shaanxi Construction Engineering компаниясы ұсынған қоқыс өртеу зауытының жобасы таныстырылды. Зауыт тәулігіне 1 мың тоннаға дейінгі қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, электр энергиясын өндіре алады.