Қостанайда жасырын фитозертхана жойылды

31 шілде, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Қостанайда жасырын фитозертхана жойылды
фото: Polisia.kz

Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен жергілікті тұрғын өз үйінде ұйымдастырған жасырын фитозертхананы анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жеке тұрғын үйдің ауласынан ерекше иісі бар өсімдіктердің бұталары, сондай-ақ оларды үй жағдайында өсіруге арналған арнайы құралдар мен құрылғылар табылды. Өсімдіктер қора-жайларда, гаражда және тіпті моншада өсірілген.

Сараптама нәтижесінде тәркіленген өсімдіктердің қарасора екені анықталды. Медициналық куәландыру үй иесінің каннабиноидтарды қолданғанын көрсетті, есірткі заттарын ол өзі тұтыну үшін сақтаған.

Азаматқа қатысты құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді ірі көлемде заңсыз өсіргені үшін қылмыстық іс қозғалды. Қолданыстағы заңнама бойынша бұл қылмыс үшін үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полиция өкілдері бұл фитозертхана биыл облыс аумағында анықталған жетінші жағдай екенін атап өтті.