Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы басталды

1 тамыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы басталды
Фото: primeminister.kz

Бүгіннен бастап елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Санақ кезінде жиналған деректер еліміздегі ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайын, оның қалай дамып келе жатқанын, ондағы халықтың тұрмысын көрсетеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Алғашқы онлайн-кезең 31 тамызға дейін жалғасады. Қатысу үшін sanaq.gov.kz сайтында ЭЦҚ, SMS-код немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы жүйеге кіруге болады.

Сайтта екі түрлі сауалнама қолжетімді: біреуі – агрокәсіпорындарға, екіншісі – бау-бақшасы бар не мал ұстайтын үй шаруашылықтарына арналған. Сұрақтар ауыл шаруашылығы қызметінің барлық тұсын қамтиды: жер мен техниканы пайдалану, еңбек ресурстары, ауыл шаруашылық өнімін өткізу және т.б.

Сайтта сауалнаманы қалай толтыру керектігі туралы бейненұсқаулық, интерактивті көмекші және нақты уақыт режимінде сұрақтарға жауап беретін SANAQ мырза чат-боты жұмыс істейді.

Интернетке қосылмаған азаматтар үшін еліміз бойынша әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде 2 684 өзіне-өзі қызмет көрсету пункті ашылған. Сондай-ақ 1446 нөміріндегі байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді және техникалық сұрақтардан бастап сауалнаманың мазмұнына дейін кез келген мәселе бойынша кеңес беруге дайын, - делінген хабарламада.

Ұлттық статистика бюросы ауыл шаруашылығы санағына қатысушылар ұсынған барлық деректердің заңмен қорғалатынын және салық органдарына, полицияға немесе басқа мемлекеттік мекемелерге берілмейтінін хабарлайды.