12 мыңнан астам қазақстандық студент Түркияда білім алып жатыр


Мемлекет басшысы Түркияның қорғаныс және әскери-техникалық бағыттағы зор жетістіктеріне назар аударып, Режеп Тайип Ердоғанды жақында IDEF 2025 халықаралық қорғаныс-өнеркәсіп көрмесінің сәтті өтуімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұдан бөлек, келіссөздер барысында IT-технологияларды бірге дамыту мәселесіне айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы еліміздің аталған саладағы жетістіктеріне тоқталып, Қазақстан мен Түркияның IT саласындағы стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше.
«Қазіргі таңда біздің 12 мыңнан астам студентіміз Түркияда, ал 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Осыған қолдау көрсеткені үшін Түркия Президенті мен Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Ұзақ жылдан бері Түркістан төрінде Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанынан Түркияның озық білім ошақтарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылмақ.
Бұдан бөлек, «Маариф» қорының екі мектебін ашу жұмысын қолға алдық. Бұл – шын мәнінде, айтулы оқиға. Былтыр қол қойылған келісімге сәйкес, Астана медицина университетінің негізінде Медипол Ыстанбұл жоғары оқу орнының филиалын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Еліміздің медицина қызметкерлерін Түркияның жетекші клиникаларында оқыту және біліктілігін арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз осы игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, туризм, медицина саласындағы байланысты одан әрі күшейтуге мүдделіміз. Осы тұста сан қырлы байланыстарды тереңдету мақсатында Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз болу рұқсатын беру туралы шешім қабылданды. Саяхаттаушылар мен кәсіпкерлер үшін бұл қадамның мән-маңызы ерекше деп санаймын. Осындай игі бастамалар достығымызды бекемдеп, өзара сенімді арттырып, жаңа жетістіктерге жол ашады деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығуына алаңдаушылық білдіретіндерін жеткізді.
Қазақстан мен Түркия президенттері барлық жанжал мен қақтығыс дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешілуі қажет деп есептейді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның Ресей мен Украина арасындағы жанжалды реттеу ісіндегі айрықша рөлін атап өтті.
«Бұл – Сіздің беделіңіз бен ықпалыңыздың айқын дәлелі. Қос елдің Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажеттілігі жөніндегі ұстанымы – ортақ. Қазақстан әрбір елдің аумақтық тұтастығы сақталуы керек деген ұстанымды қорғайды. Қазақстан мен Түркия халықаралық аренадағы тиімді ықпалдастығын жалғастыра береді. Қазақстан дипломатиясы Түркі мемлекеттері Ұйымының одан әрі дамуына баса мән бермекші. Осы бағытта Түркия тарапымен бірлесіп жұмыс істей береміз. Жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіреміз. Осы тұста Қазақстанның халықаралық бастамаларына көрсетіп жатқан қолдауына, соның ішінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті дамытудағы Түркияның үлесіне ерекше ризашылық білдіремін», деді Мемлекет басшысы.
Түркия Президенті бүгінгі келіссөздердің нәтижелі болғанын атап өтті.
«Қазақстан – аймақтағы экономикасы ең ірі ел және біздің негізгі серіктесіміз. Бүгін біз қорғаныс пен энергетикадан бастап, көлік, ғылым мен технологияға дейінгі кең ауқымды салалар бойынша пікір алмастық. Біз тау-кен, сирек кездесетін металдар бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырдық. Қазақстан мұнайын Түркия арқылы әлемдік нарыққа экспорттау мүмкіндіктерін талқыладық. Тарихи Жібек жолының қазіргі баламасы – Транскаспий көлік бағдарын пайдалану және дамыту жолдарын қарастырдық», - деді Режеп Тайип Ердоған.
Түркия Президенті туризм саласындағы ынтымақтастық перспективасына тоқталып, түрік азаматтарына Қазақстанда 90 күн визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі келіссөздердің табысты өткені үшін Режеп Тайип Ердоғанға алғыс айтып, Түркия Президентін өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды.