Жетісуде алаяқтар пайдаланатын интернет ресурстар бұғатталды

Жетісуде алаяқтар пайдаланатын интернет ресурстар бұғатталды
Фото: freepik

«Заң және тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру аясында Жетісу облысының прокуратурасы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында интернет алаяқтар пайдаланылған сілтемелер мен бейне жарнаманы анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Алаяқтар қолданған ықтимал сілтемелер қатарына  yourlawj.com, future-arcs.com және kspft, ryansedam сайттары мен бейне жарнамалары аталды.   

Олар азаматтардың қаражатын қылмыстық жолмен иемдену мақсатында қолданылған.

Анықталғандай, бұл интернет–ресурстар мен «Youtube» платформасындағы бейнероликтер ресми емес және жалған сілтемелер арқылы жасалып, пайдаланушыларға инвестиция түріндегі салымдар арқылы жинақтарды көбейту сылтауымен таратылған. 

Жеке деректерді (ТАӘ, телефон нөмірі, электрондық пошта) толтырғаннан кейін, бұл ақпарат алаяқтарға беріліп, азаматтардың ақшалай қаражатын заңсыз иемдену рәсімдері жүргізілген. 

Анықталған сілтемелер «Кибербақылау» жүйесіне енгізіліп, нәтижесінде олар бұғатталып, жойылды.

Облыс прокуратурасы азаматтарды қырағы болуға және жеке деректерін күмәнді интернет ресурстарға жібермеуге шақырады. 

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.