Түркістан облысында диқандар мақтаның орнына күріш еккен


Түркістан облысында «Қазсушар» филиалының келісімінсіз ылғалды көп қажет ететін дақылдарға көшудің 203 дерегін анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Барлық жағдайда диқандар мақтаның орнына күріш еккен.
Жетісай ауданында 66 шаруа қожалығы 1079 гектар жерге өсірілетін дақыл түрін өз бетінше ауыстырған. Ал Мақтаарал ауданында 137 шаруа қожалығы 1128 гектар алқапта дақылдарды өздігінен алмастырған, — делінген министрлік хабарламасында.
Бұл өз кезегінде өңірдегі су ресурстарына қосымша жүктеме түсіріп, заңсыз су алу қаупін арттырады.
Қазіргі уақытта барлық заң бұзған шаруалар «Қазсушардың» Түркістан облысындағы филиалымен су жеткізу туралы қосымша келісімдерге қол қойды.
Бұл келісімдерде олар ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс көлемін қысқарту шаралары туралы хабардар болғандарын және су тапшылығы туындауы мүмкін екенін білгендерін көрсеткен. Дегенмен олар күріш егу үшін өздеріне жауапкершілік алып, өңірдегі су ресурстары тапшылығы жағдайында күрішті суаруға қажетті көлемде судың берілмеуіне дайын болған, — делінген Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарламасында.
https://kaz.inform.kz/news/turkstan-oblisinda-dikandar-maktanin-ornina-kursh-ekken-5267f9/



