Шерзат Полаттың ісі: 16 басшы мен қызметкер қатаң жазаланды


Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеру жүргізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бейнетүсірілімді Уақытша ұстау изоляторының бұрынғы қызметкері қызмет мүдделеріне қайшы әрекет жасап, жүргізгені анықталды. Ол бұл үшін жеке ұялы телефонын пайдаланған. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол арнайы шенінен айырылып, теріс себептермен жұмыстан қуылды.
Сонымен қатар аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісінше бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер лауазымнан босатылуға дейін қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде УҰИ басшысы да лауазымнан босатылды.
«ІІМ мұндай бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік танытып, қатаң тосқауыл қояды. Олар бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күнделікті өз міндеттерін адал орындайтын қызметкерлердің атына дақ түсіреді», – делінген хабарламада.
Болған жағдайға байланысты УҰИ-де режимді бақылау күшейтілді: қосымша бейнемониторинг шаралары енгізіліп, ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерулер басталды.
Айта кетейік, бұған дейін Шерзат Полаттың ісі бойынша қамаудағы күдіктілер туған күн тойлаған болатын.



