Шерзат ісі: прокурор оқиға орнында болған екі қызды жазалауды сұрады


Бүгін Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша жарыссөз өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сол күні оқиға орнында болған, куәгер деп танылған Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіге қатысты тексеру жүргізуді сұрады.
«Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелді қылмыс жасаған сәтте оқиға орнында болғандарын растағанымен, өздерінің шок жағдайында болғандарын, кейбір жағдайларды көрмегендерін, құқық қорғау органдарына хабарлауға мүмкіндіктері болмағанын, себебі қорқынвш күйде болғандарын айтты. Алайда тергеу барысында алынған нақты деректер мен бейнематериалдар бұл мәлімдемелерді толығымен теріске шығарады. Ал Toyota Land Cruiser Prado автокөлігінен алынған бейнежазбаға сәйкес, автокөліктің жүргізушісі Арлан Қазыкенов пен Юлдаш Розыбакиев оқиға болғаннан кейін айыпталушылармен кездесіп, мән-жайды толыққанды білген. Сондай-ақ аталған бейнежазбада Абзал Шынасылдың аталған екі куәге «Ауыздарыңнан ештеңе шығып кетіп жүрмесін, ештеңе көрмедіңдер» деген сөздері дәлел. Сондықтан осы фактілерді тексеру үшін Алматы облыстық полиция департаментіне жеке қаулы шығаруды қажет деп санаймыз»,- деді прокурор жарыссөзде.
Сонымен қатар прокурор жарыссөзде Шерзатты нақты кім пышақтағанын айтты.
Одан бөлек прокурор іс бойынша басты айыпталушыға 23 жыл жаза тағайындауды сұрады.
Бүгінгі жарыссөзде Дидар Қалиахметтің адвокаты Гаухар Баймұханова қорғауындағы азаматтың кінәсі толығымен дәлелденбегенін айтып, оның жазасын жеңілдету қажет екенін айтты.
Одан кейін адвокат Гаухар Баймұханова Шерзат пен Нұрқанат және Қаржаубайдың үстінен қылмыстық іс қозғауды сұрады.



