«Жазаның тиісті мерзімі өтелмеген»: Жомарт Ертаев ісіне қатысты сот түсініктеме берді

Алматы облысы соты рақымшылыққа ілінген экс-банкир Жомарт Ертаев қайта қамалатынына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Алматы облыстық сотында сотталған Ж.Ертаевқа қатысты рақымшылықты қолдану мәселесі бойынша материал апелляциялық тәртіпте қаралды. Бұған дейін 2025 жылғы 2 қыркүйектегі Алматы облысы Алатау қаласы сотының қаулысымен сотталған Ертаевтың өтініші қанағаттандырылып, Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы 6-тармағына сәйкес, оған 11 ай 16 күн өтелмеген жаза мерзімі бойынша рақымшылық қолданылып, босатылған болатын. Аталған рақымшылық тармағына сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, жағымсыз мінез-құлқы жоқ, өтеуге қалған жаза мерзімі 1 жылдан аспайтын сотталғандарға жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылады», - деп жазылған хабарламада.
Сот алқасы материалды зерделей келе, бірнеше жағдайды анықтады.
«Ертаев екі үкіммен сотталған: 2020 жылғы 16 қарашадағы және 2021 жылғы 3 наурыздағы. 2021 жылғы 25 маусымдағы Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының қаулысымен бұл үкімдер жиынтығымен түпкілікті жаза мерзімі белгіленген. Алайда, аталған қаулыда бірінші үкім бойынша өтелген жазаны есептеу мәселесі қарастырылмаған. Сонымен қатар Ертаевқа жаза мерзімі қай үкімнен бастап есептелетіні көрсетілмеген. Алатау қаласы сотының қаулысымен №14 мекеменің анықтамасы арасында өтелмеген жаза мерзімі бойынша алшақтықтар бар. Сонымен қатар мекеме анықтамасына басшы қол қоймаған.Жоғарыда аталған мән-жайларға байланысты, сотталған Ертаевқа рақымшылық актісін қолдану туралы сот қаулысы күшін жойды, оның өтініші қанағаттандырусыз қалдырылды», - деп жазылған Алматы облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан 11 жылға бас бостандығынан айырылған Жомарт Ертаевтың рақымшылыққа ілінуі туралы шешім қайта қаралғаны жайлы айтқанын жазған болатынбыз.



