Павлодарда бүйрегін сатпақ болған шетелдік әйел ұсталды


Шілде айының ортасында жедел қызметкерлерге көрші мемлекет азаматының бүйрегін сату туралы жедел ақпарат түсті. Осы мақсатта шетелдік әйел Павлодар қаласына келіп, баға мен шарттарды талқылап, сатуға келісім берген, деп хабарлады Elordainfo.kz.
- ҰҚҚКБ қызметкерлері күдіктіні келісілген ақшаның бір бөлігін алу кезінде ұстады. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Болат Нұрсейітов қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстанда заңсыз трансплантациялауға, сондай-ақ адам ағзаларының, мүшелерінің, тіндерінің және тіндерінің бөліктерін сату, сатып алуға тыйым салынғанын және ол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
Полиция азаматтарды осындай фактілерге куә болған жағдайда, «102» арнасына немесе «police 102» мобильді қосымша арқылы хабарлауға шақырады. Анонимділікке кепілдік беріледі.



