Ұлттық ұланның әскери қызметшілері «Мектепке жол» акциясын өткізді

25 тамыз, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views95
Ұлттық ұланның әскери қызметшілері «Мектепке жол» акциясын өткізді
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 6506 және 6698 әскери бөлімдері дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясын өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Акция аясында әскери қызметшілер биыл алғаш мектеп табалдырығын аттайтын әскери қызметшілердің балаларына салтанатты түрде мектеп сөмкелері мен кеңсе тауарларын табыстады. Мұнда 50-ге жуық бірінші сынып оқушысы мектепке қажетті құрал-жабдықтар жиынтығын алды.

 «Мектепке алғаш қадам басқан әр бала – ерекше көңіл мен қолдауға лайық. Біз әскери қызметшілеріміздің отбасылары үшін маңызды кезеңде өз үлесімізді қоса алғанымызға қуаныштымыз. Оларға қамқорлық көрсету — біздің әскери дәстүріміздің бір бөлігі», - деп атап өтті 6506 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бауржан Шораев.

Айта кетейік, мұндай игі бастама Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.