Ұландық жауынгер сотталған адамның қашып кетуіне жол бермеді


Қарағандыда ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әскери қызметшісінің кәсібилігі мен қырағылығының арқасында сотталған адамның қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен қашып кетуіне жол берілмеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, №9 бекетте тұрған 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Мірсәлім Рысқұлов №29 мекемені күзету кезінде сотталғандардың бірінің қашып кету әрекетін байқаған. Жағдайды жедел бағалап, ол дереу байланыс құралдары арқылы қарауыл бастығына хабар берген. Одан соң дабыл белгісін қосып, ескерту ретінде ауаға оқ атқан.
Сарбаздың уақтылы әрі шешуші әрекеттерінің арқасында қашуға әрекет жасаған адам тоқтатылды. Бірнеше минут ішінде оқиға орнына бақылаушылар взводы жетіп, құқық бұзушыны ұстады және жағдайды толық тұрақтандырды.
Әскери бөлімнің басшылығы қатардағы жауынгер Рысқұловтың әрекеті құқықтық тәртіп әскерлері жауынгерлеріне тән жоғары жауапкершілік, салқынқандылық пен кәсіби дайындықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.
Оның жедел әрі нақты әрекеттерінің арқасында өрескел құқық бұзушылықтың алдын алып, күзетілетін нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін болды.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізілуде, - делінген хабарламада.