Елордалықтарды алдаған бизнес-тренер 5 жылға сотталды

Бүгін, 12:48
Айман Нығмет Айман Нығмет
views52
Елордалықтарды алдаған бизнес-тренер 5 жылға сотталды
фото: freepik.com

Алаяқтық жасаған елордалық бизнес-тренер 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап. 

Қылмыскер өзін интернет-дүкендер мен сатып алу саласында жұмыс істейтін бизнес-тренер ретінде көрсеткен. Осылайша Instagram әлеуметтік желісі арқылы онлайн сауда жүргізуге арналған курстар ұсынып, адамдарды оқытқан.

Оқыту курсы аяқталған соң, тыңдаушыларға тұрмыстық техниканы көтерме бағамен сату ісіне инвестиция құюды ұсынып, салған қаражаттың 10%-ы көлемінде пайда табуға уәде берген. Алайда, ақшаны алған соң, ол ешқандай міндеттемелерін орындамай, клиенттермен байланысты үзіп, жасырынып кеткен.

«Мемлекеттік айыптаушы сотта күдіктінің жалпы сомасы 50 миллион теңгеден асатын шығын келтірген 10 эпизод бойынша алаяқтық жасағанын толық дәлелдеді. Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды»,- делінген хабарламада.

Қала прокуратурасы азаматтардың назарын, алаяқтық әрекеттері үшін мүлкі тәркілене отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынына аударды.