Елордада дрифт жасаған 12 көлік жүргізушісі жазаланды


Астанадағы айналма жолда полиция қызметкерлері дрифт жасаған BMW маркалы автокөліктердің 12 жүргізушісін ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, барлық көліктер айып тұрағына қойылып, жүргізушілерге әкімшілік хаттамалар толтырылды.
«Құқық бұзушыларға маневр жасау ережелерін, көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны, міндетті сақтандырудың жоқтығы үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды»,- деп жауап берді полиция департаменті.
Ведомство өткен демалыста елордада 150-ге жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталғанын айтты.
«Өткен демалыс күндері мотоцикл взводының жұмысының нәтижесінде 150-ге жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың тиісті құжатсыз мопед айдаған екі оқиғасы бар. Оқиға орнына жасөспірімдердің заңды өкілдері шақырылып, жауапкершілікке тартылды. Мопедтер тәркіленіп, коммуналдық автотұраққа орналастырылды»,- делінген хабарламада.
Астана қалалық Полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жауапкершілік танытуға, өз өміріне және өзгенің қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге шақырады.



