Елге діни әдебиеттерді заңсыз әкелгендерге айыппұл салынды
Түркістан облысының бес тұрғынына елге діни әдебиеттерді заңсыз әкелгені үшін айыппұл салынды, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әкелуді дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін тіркелген діни бірлестіктер ғана жүзеге асырады.
Мәселен, Стамбұл – Түркістан бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін қала әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері ҚР заңнамасында белгіленген діни әдебиеттерді әкелуге қойылатын талаптарды бұзғаны үшін Түркістан облысының бес тұрғынын анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Тексеру кезінде ұсталғандардан жалпы саны 99 дана діни кітап тәркіленді. Оларға қатысты әрқайсысына 50 айлық есептік көрсеткіш (184 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.