Қарағанды облысында дизель отынын ұрлау әрекеті әшкереленді

Арнайы операцияны Қарағанды облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҰҚК облыстық департаменті және көліктегі полиция департаментінің Қарағанды — Сұрыптау желілік полиция бөлімімен бірлесіп, Қарағанды облысы көлік прокуратурысының қолдауымен жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде дизель ұрлығына қатысты 28 дерек анықталды. 17 күдікті қолға түсіп, олардың заңсыз әрекеттеріне қатыстылығы тексерілуде.
«Тінту барысында, шамамен 500 келі дизель отыны, жанармай тасымалдауға арналған бос канистрлер, 2017 жылы Ресей ІІМ-де жоғалған ретінде тіркелген атыс қаруы, 26 дана оқ-дәрі, 7 телефон және есірткі заттары тәркіленді», - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.



