Алты келіден астам алтын: ШҚО-да заңсыз қымбат металл өндірген күдіктілер қамалды

Бүгін, 11:19
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views52
Алты келіден астам алтын: ШҚО-да заңсыз қымбат металл өндірген күдіктілер қамалды
Фото: freepik.com

Шығыс Қазақстан облысындағы Шыбынды өзені аңғарында қымбат металдарды заңсыз өндірді деген күдіктілер екі ай мерзімге қамауға алынды. Олардың бірі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы директорының орынбасары, деп хабарлады Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Ұлан ауданы Шыбынды өзені аңғарында қымбат металдарды заңсыз өндіру және жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактісі бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Агенттіктің мәліметінше, тергеу барысында «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалы директорының орынбасарларының бірі басқа адамдармен бірге кен орнын заңсыз игеруді ұйымдастырғаны анықталды. Осы мақсатта олар EastGoldStone ЖШС-ін тіркеп, пайдаланған.

️Бұған дейін ҚМА өкілдері хабарлағандай, алтын екі жыл бойы тиісті лицензиясыз, ауыр арнайы техниканы қолданып, өзеннің табиғи арнасына араласу арқылы өндірілген.

Атқарылған заңсыз әрекеттердің нәтижесінде қоршаған ортаға келтірілген залал 300 млн теңгеден асқан.

«Тінту барысында жалпы құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын, 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша тәркіленді. Бұл қаражат сот санкциясымен бұғатталды», - делінген хабарламада.

Күдіктілер 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.

ҚМА өкілдері өзге ақпаратты Қылмыстық-процестің кодекстің 201-бабына сәйкес жария етпеді.