Алматыда түнде болған ірі өрт салдарынан бір адам қаза тапты

12 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Алматыда түнде болған ірі өрт салдарынан бір адам қаза тапты
фото: видеодан алынған кадр

12 маусым күні түн ортасында Алматы қаласының Түрксіб ауданында ірі өрт тіркелді. Международная көшесінде орналасқан екі бірдей тұрғын үй жанып кетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жалпы өрт аумағы 500 шаршы метрден асты.

Жоғары дәрежелі шақырту бойынша оқиға орнына бет алған өрт сөндіру техникасының бірі жолда аударылып қалған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Көлік жылдам қалпына келтіріліп, жұмысқа қайта кіріскен.

«Өртті сөндіру үшін жедел штаб құрылып, бірнеше учаскеде жұмыс жүргізілді. Оқиға орнына 15 арнайы техника мен 50-ден аса қызметкер жұмылдырылды.Алдын ала мәлімет бойынша, өрт бірнеше адамға ортақ барак типтес үйден шығып, кейін көршілес тағы бір үйге, моншаға және қосалқы құрылымдарға тараған»,- делінген хабарламада.

Өрт кезінде газ баллоны жарылып, алайда жеке құрам арасында жарақат алғандар жоқ. Қауіпсіздік шаралары толық сақталған.

Сағат 00:55-те өрт оқшауланып, сөндіру барысында бір адамның денесі табылды. Қазір оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.