Алматыда полиция қызметкерлері адам азаптағаны үшін сотталды

Алматыда полиция қызметкерлері адам азаптағаны үшін сотталды
Фото: ҚР Бас прокуратура

Алматыда екі полиция қызметкері бөтеннің мүлкін ұрлағанын мойындату мақсатында адамды азаптағаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азаптау фактісі бойынша екі полиция қызметкеріне қатысты айыптау үкімін шығарды.

Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокуроры тергеп-тексерген

Прокуратура дерегіне сүйенсек, 2023 жылы 29 наурызда сотталушы полиция қызметкерлері азаматқа бөтеннің мүлкін ұрлағанын мойындату мақсатында азап шектіргені дәлелденді.

Полицияның заңға қайшы әрекеттерінің салдарынан жәбірленуші тән азабын тартқан.

Кінәні мойындау туралы процестік келісімін ескере отырып, сот үкімімен сотталушыларға 3 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Сотталғандар арнаулы атағынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енді. Прокуратураның ұсынысы бойынша 10 полиция қызметкері, оның ішінде 5 құрылымдық бөлімше басшысы қарамағындағылардың қызметіне бақылаудың жоқтығы және қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылды.