Алматы тауларында жоғалып кеткен жігіттің денесі табылды


29 шілдеде Алматы маңындағы «Молодежный» шыңында жоғалып кеткен 20 жастағы қазақстандықтың денесі табылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мәйіт табылған орынға баратын жолда мұздықтар бар болғандықтан, құтқарушылардың көтерілуі мен түсуі шамамен 5 сағатқа созылған.
«Молодежный» шыңы Іле Алатауда орналасқан, оның биіктігі теңіз деңгейінен 4000 метрден асады. Оқиға орнында Алматы қаласының Полиция Департаменті қызметкерлері және Төтенше жағдайлар департаментінің психологы жұмыс істеп жатыр. Шамамен екі тәулік бойы ТЖМ әуе бірлігі, аймақтық жедел-құтқару жасағы (РОСО), Құтқару қызметі, ТЖД арнайы авариялық-құтқару қызметі, кинологтар мен еріктілерден құралған топ жоғалған 20 жастағы жігітті іздестіруін қарқынды жүргізді»,- делінген хабарламада.
Айта кетейік, іздеу-құтқару жұмыстарына ТЖМ тікұшағы, 50-ден астам құтқарушы мен ерікті, 8 ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон), 8 техника, 3 кинологиялық есеп жұмылдырылды.