Елімізде су қоймаларын салу үшін жер мен орман алқаптарын пайдалануға рұқсат етіледі

Бүгін, 12:19
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде су қоймаларын салу үшін жер мен орман алқаптарын пайдалануға рұқсат етіледі
Фото: жасанды интеллект

Мәжіліс депутаттардың бастамасымен әзірленген орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Заң жобасы осы салалардағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатымен әзірленген. Жоба аясында Жер және Орман кодекстеріне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылысжайларын және селден, топырақ көшкінінен, қар көшкінінен қорғау құрылысжайларын салуға, олардың жұмыс істеуі үшін суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бейініндегі ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжірибелік алқаптарының жерлерін, орман және су қорын алып қоюға рұқсат беріледі.

Ауылды елдімекендердің және әлеуметтік (емдеу және білім беру мекемелері, қазіргі зираттар), инженерлік инфрақұрылым (кәріз-тазарту құрылысжайлары, электр беру желілері) объектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін ауыстыру құқығы беріледі. Сондай-ақ инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету желілерінің коммуникацияларын салу үшін мемлекеттік орман қоры жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру да мүмкін болады.

Сонымен қатар Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының арнайы бөлінген учаскелерінде жергілікті халықтың мұқтажы үшін шөп шабу мүмкіндігі мәселесі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен шешіледі.