2028 жылға қарай орташа жалақы 600 мың теңгеден асады

Бүгін, 21:01
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
views50
2028 жылға қарай орташа жалақы 600 мың теңгеден асады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстан Үкіметі алдағы үш жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын бекітті. Құжатта елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ), инфляция деңгейі, жалақы, сыртқы сауда көрсеткіштері және мұнай бағасына қатысты негізгі бағыттар қамтылған. Ел үкіметінің болжамына сәйкес, 2028 жылы елдегі орташа жалақы 605 мың теңгені құрауы тиіс.

Ең төменгі жалақы 85 мың теңге күйінде қалмақ. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі қазіргі 46 мың теңгеден 57,4 мың теңгеге жетпек.

2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ 161,9 трлн теңгеге жетпек. Ал 2026 жылы – 183,8 трлн, 2027 жылы – 206,1 трлн, 2028 жылы – 229,8 трлн теңге болады. Экономикалық өсім қарқыны жылына орта есеппен 5% шамасында сақталмақ. Доллар есебінде ЖІӨ 2028 жылға қарай 425,6 млрд долларға жетеді. Халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші осы кезеңде 20 мың доллардан асады.

Үкімет болжамына сәйкес, 2025 жылы инфляция 10–11% деңгейінде қалыптасса, 2026 жылы 9–11%-дан аспауы тиіс. 2027 жылдан бастап көрсеткіш 5,5–7,5%-ға дейін төмендеп, ал 2028 жылы 5–7% деңгейінде тұрақтамақ. Бұл баға өсімінің баяулап, экономикада тұрақтылық орнауына мүмкіндік береді.

Алдағы жылдары халықтың жалақысы біртіндеп артады. Ресми дерек бойынша, 2025 жылы орташа айлық жалақы 423 мың теңгені құраса, 2026 жылы – 500,9 мың теңге, 2027 жылы – 554,1 мың теңге, ал 2028 жылы – 604,9 мың теңге болады. Нақты жалақы өсімі де оң динамика сақтап, 2026 жылы 7,6%-ға, 2027 жылы 3,9%-ға, 2028 жылы 3%-ға өсуі керек.