Мәжіліс депутаттары Түркияда Ұлы Ұлттық Жиналыс мүшелерімен кездесті


Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов бастаған делегация жұмыс барысымен Түркия Республикасына барды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Депутаттар Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының ғимаратында болып, «Түркия-Қазақстан» парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі Мехмет Али Джеверимен кездесті.
Делегация құрамында Мәжіліс депутаттары Нұргүл Тау, Нұрсұлтан Байтілесов, Айтуар Қошмамбетов, Мақсат Толықбай бар.
Кездесуде Нұртай Сабильянов Қазақстан Түркияны тәуелсіздігімізді ең алғаш таныған ел ретінде құрметтейтінін, бүгінде екі ел арасындағы байланыс барлық салада жемісті жалғасын тапқанын атап өтті.
– Түркия бір ғасырлық тарихында мемлекеттігін нығайтып, даму жолында көптеген елге үлгі боларлық табысқа қол жеткізді. Қос ел Президенттері арасындағы достық байланыс өзара іс-қимылдың барлық бағытына оң әсерін тигізіп, қазақ-түрік қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруге қуатты серпін беріп отыр. Екіжақты байланыстың қазіргі жағдайы жоғары сенімге ие әрі кеңейтілген стратегиялық әріптeстік негізінде дамып келе жатқаны қуантады, – деді Н.Сабильянов.
Мехмет Али Джевери өз кезегінде ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін, ТүркПА аясындағы байланыстың нығаюына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Елдер арасындағы қарым-қатынасты ілгерілетуде Парламентаралық байланыстың рөлі ерекше маңызды. Бұл алаң – түркі бірлігі үшін маңызды халықаралық платформа. Сондай-ақ қорғаныс пен қауіпсіздік салаларындағы іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.
Тараптар әңгіме барысында сауда-экономикалық байланысты одан әрі дамытуға көңіл бөліп, елдеріміз арасындағы әлеуетті ескере отырып, Президенттеріміз сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізу жөнінде мақсат қойғанына назар аударды.
Сапар барысында делегация Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысы Сыртқы істер комитетінің төрағасы Фуат Октаймен кездесті, Ататүрік кесенесіне барып, TAI аэроғарыш және қорғаныс компаниясының нысандарын аралады.



