Отбасы күні: Тағдырын болат жолмен байланыстырған теміржолшылар әулеті


«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, кей шаңырақта ұл-қыз ата-анасының кәсібін игеріп, олардың ісін әрі қарай жалғастыратын тамаша дәстүр қалыптасқан. Атадан балаға беріліп отыратын мұндай дәстүр сабақтастығын отбасылық династия деп те жатамыз. Болат жолдың бойында бала-шағасымен 45 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан елордалық Молдояровтар осындай үлгілі отбасы санатынан. Elordainfo.kz тілшісі 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай осы теміржолшылар династиясының бүгінгі өмір-тынысы туралы сұрап-білген болатын.
Байырғы астаналық Молдояровтар қазір «Сороковая» станциясында берекелі өмір кешуде. Отағасы Темірхан Мұрсәлімұлы 1983 жылдан бері осы станцияның бойында үздіксіз еңбек етіп келеді. Алғашқы еңбек жолын құрастырушы көмекшісі болып бастаса, одан кейін құрастырушы, парк кезекшісі, орталықтандыру станциясы бойынша кезекші, станция бойынша кезекші, ал соңғы бірнеше жылдан бері маневр диспетчері болып жұмыс істейді. Ал оның жұбайы, отанасы Зура Ідірісқызы - дәрігер.
Бүгінде пайғамбар жасындағы ел ағасының ұл-қызы әке жолын жалғап, тағдырларын теміржолмен байланыстырған.
«Отбасымыздан екі ұл, бір қыз өсіп жетілдік. Өзімнен басқа ағам мен інім бар. Бәріміз теміржолшы мамандығы бойынша білім алдық. Өйткені әкеміз мамандық таңдарда «Теміржолға барыңдар» деп ақыл-кеңес берді. Мен Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бітірдім. Інім Абылайхан Жоғары көлік және коммуникация колледжінде оқыды, қазір білімін Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар колледжінде жалғастырып жатыр. Мен бүгінде «Сороковая» станциясында тауар кассирі болып қызмет атқарсам, інім Щучинск қаласында орталықтандыру жөніндегі кезекші болып еңбек етуде. Ал ағам басқа салаға ауысты, қазір Көкшетау қаласындағы өндіріс мекемелерінің бірінде басшылық қызмет атқарады. Біз қай-қайсымыз да теміржолшы мамандығын таңдағанымызға өкінген жоқпыз, өйткені ел экономикасының локомотиві саналатын бұл сала, әкем айтқандай, қашанда болаттай беріктігі мен тұрақтылығын жоғалтпайды. Сонысымен де жұмысшылардың көңіліне сенім ұялатады», - дейді бізге өскен ұясы, өмір салты туралы әңгімелеп берген Ақерке Темірханқызы.
Ақерке Темірханқызы әкесінің өз мамандығын өте жақсы көретінін айтты. Өзі де жұмысын басқа қызметтерге айырбастағысы келмейді.
«Әкеміздің «әділ бол, сабырлы бол» деген ұлағатын естіп өскесін бе, теміржолда жұмыс істеу аса қиын емес. Бастысы, арнайы ереже мен еңбек қауіпсіздігін сақтау керек. Болат жолдың бойы адамның ерік-жігерін шыңдайды. Онда әлсіздік танытуға болмайды. Бірақ қиындығымен бірге табысты сала. Бір сөзбен, теміржол саласының менің өмірімдегі орны ерекше. Бұл - Молдояровтар отбасының адал еңбек етіп, жетістікке жетелеген қадірлі орын болумен қатар, мені де болашақ жарыммен табыстырған сала. Ол да теміржолшы», - дейді Ақерке Темірханқызы.
Оның айтуынша, отбасы мүшелері бір шаңырақ астында жиі бас қосып тұрады.
«Жанында жақындар барда жан жылуын сезініп, екі немере, үш жиен сүйіп отырған ата-анамыздың ыстық ұясында рахат сезімге бөленгенге не жетсін!», - дейді Ақерке Темірханқызы.



