«Астана Тазалық»: тәулік бойы тазалық күзетіндегі мекеменің бүгінгі тынысы


Миллионер мегаполистің тұрғындары Астананың арайлап атқан әр таңында тақтайдай тегіс жолдармен, мұнтаздай таза көшелермен өз жұмыстарына адымдайды. Алайда бас шаһардың сәні мен салтанатына марқайған жұрт осы көріністің арғы жағында жол жұмысшысының қажырлы алақанының табы жатқанын ескере бермеуі мүмкін. Назардан тыс болса да, қаланың қайнаған ортасында 24/7 жүйесінде қызмет атқаратын мекемелердің бірегейі – «Астана тазалық» ЖШС. Ал «елорда көшелерінің 40%-ның тазалығын сақшыдай бақылап отырған мекеменің бүгінгі материалдық-техникалық ахуалы қандай, жұмысшы қолы жеткілікті ме, компанияның цифрландыруға қарай басқан қадамы сәтті ме?» – Elordainfo.kz тілшісі журналистерге арналған баспасөз турында осы сауалдарға кеңірек жауап алды.
«Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, коммуналдық қызмет – қаланың күре тамыры. Оның қайсысының болсын қызметі ақсап қалса, тұрғындар мұны бірден сезеді. Ол бұған мысал ретінде қызықты бір зерттеуді назарға ұсынды.
«Біз қаланың басты көшелері мен алаңдарының тазалығына жауапты екенімізді айттық қой, мәселен, сондай бас көшенің бірі - Мәңгілік ел даңғылын тәулігіне екі рет шаңсорғыш техникамен тазалап аламыз. Егер бір күн жинамай қалсақ, көше қағаз, пластик бөтелке, темекі тұқылына толып қалады.
Нақты ахуалды білу үшін шағын зерттеу жүргіздік. Сөйтіп, қаладағы басты көшелердің бірі – Керей-Жәнібек көшесінен Мәңгілік ел даңғылындағы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасына дейінгі аралық бір күн бойы әдейі тазаланбады. Нәтижесінде осы арақашықтықтан 6 112 дана темекі тұқылы, 658 алюминий банкісі, 78 банан қабығы, 343 қағаз қалдығы және 436 балмұздақ орамасы жиналды», - деген мекеменің бас директоры бұл мәселе қоғамның экологиялық мәдениетінің әлі де төмендігін көрсетінін айтты.
Оның айтуынша, осы жайтты болдырмас үшін мекеме жұмысшылары қала көшелерін қыста қардан аршып, жазда шаңнан арылту үшін тәулігіне екі кезек тоқтаусыз жұмыс істейді. Тазалық жұмыстарына жазғы маусымда 150 техника, 500-дің үстінде қол жұмысшысы жұмылдырылады. Ал қыста бұл көрсеткіш екі есеге дейін көбейеді.
«Жазда күніне 30-80 тонна аралығында жол жиегіне жиналған шаң, топырақ, қоқысты шығарамыз. Жалпы, мекемеміздің материалдық-техникалық ахуалы жақсы. Барлығы 428 техникамыз бар, оның 50-ден астамы жаңартылған. 2024-2025 жылдары қалалық әкімшіліктің қолдауымен жаяу жүргінші жолына арналған шаңсорғыш, қоқысты жинақтайтын шөткесі бар машина және басқа да соңғы үлгідегі еуропалық техника алған болатынбыз», - деген Замир Садықұлы парктегі су жаңа техниканы көрсетті.
Бүгінде компания цифрландыру жүйесіне сенімді қадам басқан. Бұған мекеменің техникалық бақылау бөлімінде көз жеткіздік. Аталған бөлімнің басшысы Дастан Мұсабековтің айтуынша, барлық техникаға орнатылған жаңа буын - GPS-навигация бүгінде арнайы машиналардың қозғалысын бақылап отырған болса, АI TRANS жобасы әзірге пилоттық негізде қолға алынып, Omnicomm бағдарламасы арқылы жүргізушілердің тәртібін де нақты уақытта бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Аталған жоба қараша айында толыққанды іске қосылмақ.
«Қазіргі жүйе техниканың қай жерде екенін ғана емес, жүргізушінің маршруттан ауытқуын, ұзақ тұрып қалуын немесе тіпті ұйықтап кеткенін де тіркейді. Мұндай технологиялар тәртіп пен қауіпсіздікті арттырып, жұмыстың сапасын да жақсартады», – деді Дастан Мұсабеков.
«Астана Тазалық» мекемесіндегі үлкен цифрлық трансформациялардың тағы бірі - электронды жол парақшасы. Оның ерекшелігі туралы отынды бақылау бөлімі маманы Базыл Сүлейменов түсіндіріп өтті.
«Электронды жол парақшасы – қағазбастылықтан арылып, цифрландыруға көшудің бір жолы. Электронды парақшадан жұмыскердің бір күнгі жұмысының бүкіл хронологиясы көрінеді: жұмысқа қашан келгені, дәрігер қабылдауында болғаны, жанармай құю бекетінде қанша уақыт тұрғаны, техниканың қашан желіге шыққаны, қандай жылдамдықта, қанша шақырым жүргеніне дейін көрініс табады. Нәтижесінде қажетті іс-шаралар қолға алынатын болады», - деп түсіндірді ол жаңа әдістің қыр-сырын.
Қаланың бас көшелері мен жолдарының тазалығына жауапты мекеме үшін жаңа техника мен технологияның көмегі орасан зор. Әйтсе де, қол күшін бағаламауға әсте болмайды. Негізгі жұмысты жол жұмысшылары істейтіні белгілі. Техника негізгі ауыр жұмыстарды еңсеріп берсе, жол жұмысшылары сол техникаға ере жүріп жинақтайтын, тиейтін қыруар жұмысты тиянақтайды.
Серіктестіктің бас директоры бұл тұрғыда маман жетіспеушілігі, қол күшінің аздығы байқалатынын жасырмады.
«Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғаны белгілі. Ал жұмысшы мамандығын таңдаған адам үшін бүгін-ертең далада қалып қоймайтынына кепілдік, үйі-күйі болып, балаларының оқып-тоқып, дені сау, тұрақты еңбекақысы төленіп тұруы маңызды. Сондықтан «Астана Тазалық» жұмысшыларды тарту үшін әлеуметтік бағдарлама да жасақтап отыр. Мәселен, мекеме қызметкерлері үшін қоғамдық көлікте тегін жүру, алыс жерде тұратындарды жұмысқа тегін тасымалдау, қыста ыстық тамақпен қамтамасыз ету, жатақхана беру мәселесін қолға алдық. Жатақхананың ішінде дәрігерлік пункт те жұмыс істейді. Жұмысшылардың ешқайда бармай-ақ денсаулықтарын тексертіп, анализ тапсырып, қажетті дәрі-дәрмегін осы жерден алуына мүмкіндік қарастырылған», - деген бас директор 40 шақты адамға шақталған жатақхананы аралатып, жай-жапсарымен таныстырды.
Оның айтуынша, әкімшілік көмегімен 80 адамға арналған тағы бір жатақхананы ашу мәселесі қолға алынған. Ал мекемеде жүзеге асырылып отырған тағы бір үлкен шара - Отбасы банкі арқылы қызметкерлерге төмен пайызбен ипотека алып беру мәселесі болып отыр. Бұл бағытта меморандум жасақталып, келісім жұмыстары жүргізіліп жатқаны дәтке қуат. Басшылықтың айтуынша, мекеме жылына 10-20 қызметкерге алғашқы жарнасын төлей отырып, ипотека алып бермекші. Ал тұрмысы түзелген қызметкердің жұмысқа да құлшынысы арта түсетіні бесенеден белгілі ғой.
Сала-саладағы маман тапшылығын толықтыратын кәсіптік колледждерде оқып жатқан жастар екенін ескерсек, мекеме мұндай тиімді серіктестікті де назардан қалт жібермепті. Осы мақсатта «Астана Тазалық» пен Кәсіби технологиялар колледжі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат – санитарлық қызмет пен қаланы абаттандыру саласына жаңа мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам. Алғаш рет колледж студенттеріне кәсіпорын базасында ақылы өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігі ұсынылды. Алдағы уақытта бұл бағдарлама кеңейтіліп, осындай мүмкіндік басқа да оқу орындарының студенттеріне берілмек.
Ал мекеме ауласында мамандығының қыр-сырына үңіліп, техниканың тамырын басып, тынысын ашқан студенттер бұл тәжірибенің оң нәтиже беретінінің анық куәсіндей.
«Осы жерде іс-тәжірибе ретінде жұмыс істеп жүргенімізге 3-4 ай болып қалды. Колледждегі 40 мың стипендиямыздан бөлек, «Астана Тазалықтан» 150 мың теңге еңбекақы аламыз. Жетекшілеріміз бекітілді. Күнделікті машина жөндеу, техника алмастыру, майын тексеру, бұзылған жерін жөндеп, қайтадан орналастыру сияқты жұмыстарды істейміз. Өзім техник-механик мамандығына оқып жатқандықтан, бұл жердегі алған тәжірибеміз болашақта сөзсіз іске асады деп сенемін», - деген Астанадағы Кәсіби технологиялар колледжінің студенті Құдірет Кенжеғұл болашақта өзінің де, достарының да осы мекемеде еңбек жолдарын бастайтын ойлары бар екенін айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында айтқан еңбек адамының қадіріне жету, адал еңбекті насихаттау идеологиясын ұстанған «Астана Тазалық» осылайша елордамыздың нағыз тазалық пен тәртіптің үлгісіне айналуы үшін нық қадам баса бермек. Дегенмен бас шаһарымыздың тазалығына тұрғындар да мүдделі екенін ұмытпағанымыз жөн.



