«Жас Түркістан» журналының 12 томдығының таныстырылымы өтті

«Жас Түркістан» журналының 12 томдығының таныстырылымы өтті
Фото: ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы

Елордада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Жас Түркістан» журналының 12 томдығы таныстырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Көптомдық Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігінің қолдауымен жарық көрді.

Таныстырылымға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы, академик Диқан Қамзабекұлы, «Қорқыт Ата» атындағы Қызылорда университетінің профессоры, «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі Әбдіжәлел Бәкір, тарихшы Қойшығара Салғараұлы, Қазақстан Республикасындағы Германия елшілігінің өкілдері мен ҚР Сыртқы істер министрлігі қызметкерлері, шоқайтанушы және алаштанушы ғалымдар, ЖОО-ның магистранттары мен студенттері қатысты. 

«Жас Түркістан» журналы 1929-1939 жылдар аралығында Париж қаласында жарияланып келген. Журналдың негізін қалаушы және редакторы – Мұстафа Шоқай. Журнал Польша президенті Маршал Пилсудский құрған «Прометей» қоры тарапынан қаржыландырылған. 1939 жылдың тамызына дейін журналдың 117 саны жарық көріп, ІІ дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты шығарылуы тоқтатылды. 

«Жас Түркістан» журналы Түркістан аймағының әлеуметтік-саяси жағдайын зерттеуге, түркі халықтарының тәуелсіздігі мен бірлігін насихаттауға, олардың мәселелерін халықаралық қауымдастыққа жеткізуге бағытталған. Журналда саяси шолулар, тарихи зерттеулер, әдеби шығармалар, пікірталас мақалалар мен шетелдік ақпараттар бөлімдері болды. Мұстафа Шоқай өз мақалаларында түркі халықтарының мәселелерін тереңірек қарастырып, стратегиялық-идеологиялық бағыттар ұсынған. 

«Жас Түркістан» журналының авторлары мен редколлегия мүшелері Түркістаннан шыққан эмигрант зиялылар қауымы болған. Атап айтқанда, журнал Мұстафа Шоқай, Зәки Уәлиди Тоған, Тахир Шағатай, Айбек Серғазиев, Абдурахман Чолпан, Мир Якуб Дәулет, Абдурахман Ходжаев, т.б. танымал қайраткерлер мен ғалымдардың басын біріктірді.